Aлматыда жүгіруден өткен марафонда 18 жастағы Максим Королев көз жұмды. Спорттық шарада Санкт-Петербор гуманитарлық кәсіподақ университеті филиалының студенті 10 шақырымдық қашықтықта мәреге жете алмай сұлап түскен.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Қайғыдан қан жұтқан ата-ана жан дегенде жалғыз ұлдарынан қапыда айырылғанына әлі күнге дейін сене алар емес. Суық хабарды марқұмның отбасына кеше марафон ұйымдастырушылары жеткізген. Максим Королевтің анасы жастайынан спортты жанына серік еткен баламның денсаулығы сыр бергенін көрмедім дейді.
“Ол медициналық тексерістен жиі өтетін. Денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Біз үшін бұл соққы болды. Темекі, арақ дегенге мүлдем жоламайтын. Еңбекқор еді. Айтарға сөзім жоқ”, деді М.Королевтің анасы.
“Барлығы көмектесіп жатыр. Марафон ұйымдастырушылары мен университет ұжымы. Ешкімге өкпем жоқ. Көнеміз. Ол адвокат болуды армандайтын еді”, деді қайғыдан қан жұтқан марқұмның анасы.
Марқұм Максим Королев Алматыдағы Санкт-Петербор гуманитарлық кәсіподақ университеті филиалында «Заңгер» мамандығы бойынша білім алған. Оқуда озат, спорттық шараларда белсенді болған Максимнің қазасы курстастары мен мұғалімдерін де есеңгіретті.
Небәрі бір жылда үлгерімімен көзге түскен жігіт спорттан да құр алақан емес. Максим – жауынгерлік самбодан республикалық жарыстардың жеңімпазы.
Бүгінде алып шаһарда өтетін марафонға балалардан бастап қарттарға дейін қалыспай қатысып жүр. Алайда бақтарын сынауға келгендердің денсаулығын ешкім тексермейді. Ұйымдастырушылар қайғылы оқиғадан кейін жарысқа қатысу талаптарын күшейтеміз дейді.
“Мына жағдайдан кейін міндетті түрде жаңа талаптар енгіземіз. Қазір командамен бірге ойластырып жатырмыз. Бізде әрбір тамақтану орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Дегенмен, әр қатысушы өз денсаулығына жауапты”, деді «Бірінші болу – батылдық» бірлескен қорының директоры Салтанат Қазыбаева.
18 жастағы жігіттің өліміне нақты не себеп болғаны сот-медициналық сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады. Ал қайғыдан қан жұтқан ата-ана ұлдарының қазасына біреуді кінәлаудан аулақ. Олардың «жазмыштан озмыш жоқ» деуден басқа амалдары жоқ.