Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
23
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Алматыдағы дәрігерлер ісі: сотта ақ халаттылардың өлім көрсеткішін қалай жасыратыны әшкерленді

Сөйтсе аурухана қызметкерлері өлім көрсеткішін науқас картасына сырқатты тіркемеу арқылы жасыратын болып шықты. Алматыда “дәрігерлер ісі” бойынша сотталушыларды тергеу кезінде дәрігерлер осылай деп ағынан жарылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі сот залынан.

Алмалы аудандық сотының судьясы Марал Жарылқасова 4 жыл бұрынғы аты шулы іс бойынша сот алдында жауапқа тартылып жатқан жедел жәрдем ауруханасы дәрігерлерінен алған жауапты жариялайды.

Осы уақытқа дейін нүкте қойылмаған бұл іске қызын жоғалтып алған әке Фархат Агишевтің дәрігерлердің үстінен арыздануы себеп. Агишев жол апатынан кейін ауыр хәлде ауруханаға түскен 21 жасар қызы Диляраға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегендіктен көз жұмғанын дәлелдеуге тырысып жүр. Агишевтің сөзіне қарағанда, қызды жедел жәрдем ауруханасына сағат 02.30-да жеткізген, оны тек 10 минуттан кейін ғана қабылдаған, тағы 5 минуттан кейін әкесі қызына телефон соққан, ол есі кіресілі-шығасылы бірер сөз айтқан. Ал әрі қарай – жеке тергеу нәтижелері ресми ақпаратқа қайшы келеді.

Осылайша, Алматы ішкі істер департаментіне 03:30 уақытында көз жұмған науқас туралы ақпарат тек таңғы сағат 04:52-де келіп түскен. Фархат Агишевтің сендіруінше, оның қызының ауруханаға жеткізілгеннен кейін 1 сағаттан соң көз жұмды деген дерек жалған екен. Ол қызының 04:50-ге дейін яғни ауруханада болған 2 сағат 10 минут бойы тірі болғанына сенімді.

Бірақ бастысы бұл емес: ер адамның пікірінше, алғашқы құнды минуттарда оның қызына ешқандай көмек көрсетілмей, ол жолда жедел жәрдем көлігінде 02:55-ке дейін дәрігерлер еккен дәрі тамызғыштың астында каталкада жатқан!

“Жол апаты орын алғалы бері 4,5 жыл өтті. Сот созылып келеді, неге? Өйткені осы уақыт бойы ІІД қызметкерлері, сарапшылар, жедел жәрдем ауруханасы қызметкерлері, қалалық денсаулық сақтау, тіпті денсаулық сақтау министрлігі де дәрігерлерді жауапкершіліктен алып қалу үшін біршама күш салды. Қазіргі уақытта осы қылмыстық істен бөлек тағы екі іс прокуратурада жатыр… Бүгінгі таңда қызымның қандай жарақаттан көз жұмғаны маңызды емес. Ол жедел жәрдем ауруханасының қабылдау бөлмесі кезекші дәрігерлерінің әрекетсіздігінен көз жұмды”, — дейді Агишев.

Дәрігерлер Бахтияр Бектұрсынов, Жангелді Сүлейменов және Марс Байниязовқа медициналық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісті орындамады деген айып тағылып отыр. Олар кінәсін мойындап отырған жоқ.

“Біз бригадамен бәрін жасадық – барлық тексерулерді, барлық жан сақтау шараларын толығымен. Құтқарып қала алмадық, жарақаты ауыр болатын. Ол жерде мидың зақымдануы, торлы қабық астына қан құйылу, жамбас сүйегінің сынуы, ішкі ағзаларының жарылуы сынды зақымдар бар. Ота жасап үлгере алмай қалдық. Ал былайша, бәрін толық жасадық. Ол жансақтау бөлімінде болды. Ауруханада камераның болмағаны өкінішті. Бейнекамера болғанда жақсы болушы еді. Бізде ондай науқастар бірден жансақтау бөліміне жеткізіледі”, — деді травматолог дәрігер және қайғылы кезекшілікке жауапты дәрігер Жангелді Сүлейменов.

Сотта бұл іспен байланысты күтпеген куәлік етулер айтылды. Диляра Агишеваның атына карта толтырылмаған болып шықты. Күдіктілердің жауабы сот отырысында болған журналисттерді де таңғалдырды. Уәде еткеніміздей, сотталушылардың судья Марал Жарылғасованың қойған сұрақтарына берген жауаптарын жариялаймыз. Судья залда диктофон жазбасын жүргізуге тыйым салды. Сондықтан диалог толық келтірілмейді – тек тілші қаламмен жазып үлгерген бөлігі ғана. Сондай-ақ, дәрігерлер кінәларын әлі де мойындамағанын еске саламыз. Төменде айтылғандар оны дәлелдемейді, үлкен процестің эпизоды ғана болып табылады.

Судья Жарылғасова: Агишеваның жағдайына дейін науқаснама толтырылмайтын жағдайлар орын алатын ба еді?

Жангелді Сүлейменов: Иә.

Судья Жарылғасова: Ол 2012 жылы болды ма, жоқ оған дейін ба?

Жангелді Сүлейменов: 2009 жылы мен Алматыға келдім. Орталық қалалық ауруханада жұмыс істедім, ол жерде де сондай болатын.

Судья Жарылғасова: 2012 жылы сіздер барлық науқастарға солай жасайтын ба едіңізде?

Жангелді Сүлейменов: Бір сағатқа дейін көз жұмғандар…

Судья Жарылғасова: Неліктен тура бірге дейін?

Адвокат Сәлімбаева: Түнгі сағат бір емес, бір сағат ішінде.

Судья Жарылғасова: Бір сағат ішінде. Ол немен байланысты?

Жангелді Сүлейменов: Мен білмеймін, ойдан ештеңе шығарып отырған жоқпын, солай қалыптасқан. (…)

Судья Жарылғасова: Мен жауап естімедім. Мұндай тәжірибе немен байланысты?

Жангелді Сүлейменов: Мен білмеймін…

Марс Байниязов: Өлім-жітімді төмендету үшін…

Судья Жарылғасова: Қалай өлім-жітімді төмендету? Статистиканы ма?

Марс Байниязов: Статистиканы.

Судья Жарылғасова: Егер науқас бір сағат ішінде көз жұмса, науқаснама толтырылмайды, ол науқастар өлгендер тізіміне кірмейді ме?

Марс Байниязов: Кіреді. Бірақ аурухананың статистикасына кірмейді. Қала бойынша, республика бойынша (…)

Судья Жарылғасова: Адам өлсе, оған аурухананың науқаснамасы толтырылмады дерлік, олар қалай есептеледі?

Марс Байниязов: Емхана арқылы.

Судья Жарылғасова: Жалпы нұсқаулық бойынша науқаснама толтырылуы тиіс пе? Барлық науқасарға?

Марс Байниязов: Тиіс.

Судья Жарылғасова: Жарайды, ол “жедел жәрдеммен” түспеген науқастарға қатысты шығар. Ал “жедел жәрдеммен” түскен науқастар?

Марс Байниязов: Оған қарамастан.

Сот отырысы әлі аяқталған жоқ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз