Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Алматыда жалақы алмаған автобус жүргізушілері наразылық танытты

«Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды». Екі айдан бері атпалдай 40 азамат қол қусырып, жұмыссыз отыр. Таң атысынан қас қарайғанша қоғамдық көлікті тізгіндегендер кемелерінің бір-ақ күнде қайранда қалғанына қапаланады.  «Грин бас» автопаркі оларға үш ай бойына жалақыларының тек үштен бірін беріп келген. Ал, көлеңкелі табысты қалтаға басқан үшін айыппұлға ұстадық ,деп түлкібұлаңға салған көрінеді.

“Бауыржан Құлышевтің айтуынша 20 мың теңгеден алып кете алмай жатыр екенбіз.  Қандай 20 мың теңге? 20 мың теңгеден күніне алатын болсақ, бұлай жиналмайтын едік”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Руслан Заудинов.

Екі айдан бері таулары шағылған жүргізушілер түрлі мекемелерді жағалаған. Бірақ, шағымдарына құлақ түріп, қайырылғандары жоқ. Сорақысы сол, олар автопарктер арасындағы «қара тізімге» кіріп кетіпті.

“Автопарктердің арасында “қара тізім “жасап қойған. Наразылық білдірген  жігіттердің бәрін сол тізімге  кіргізіп, басқа парктерге алдырмай жатыр. Бұл да заңға қайшы әрекет қой”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Мұқан Қалдыбеков.

Мәселенің тігісін жатқызар деген үмітпен жүргізушілер «Грин бас» автопаркінің басшылығына тағы да барды. Компания директоры Бауыржан Құлышевпен қол алысып басталған көрісудің соңы бірін-бірі кінәлаған дауға ұласты. Бір анығы –  автопарк наразы жүргізушілердің бәрін жұмыстан шығарып жіберген.

Бұл түйіткілдің түйіні әзірге тарқайтын түрі жоқ. «Грин бас» паркінің басшылығы тағылған кінәнің бірде-бірін мойындамады. Жалақысыз жүргізушілер болса әділдік іздеп, сотқа дейін шағынамыз деп бекініп отыр. Ал, күн көру үшін әзірге басқа жұмыс табуға мәжбүр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз