Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Алматыда тәрбиешілердің балаларды ұрып-соғып келгені белгілі болды

111

Бірақ, мұның барлығын ата-аналар бейнебақылау камерасындағы жазба арқылы әрең дәлелдепті. Ал, полицейлер арызымызды кері қайтарып, істі жылы жауып қойды дейді ашынған топ.

Алматыдағы №140 балабақшадағы бұл көріністер бейнебақылау камерасына жазылған. Буыны қатпаған бүлдіршіндерді білектің күшімен тезге салған тәрбиешінің әрекеті тайға таңба басқандай байқалады.

Біреудің әлпештеген ұл-қызын әрі-бері өткенде сызғышпен бетінен ұрып, дәптерлерді төбеден түскендей оңды-солды таратып жүр. Тіпті, ашуға мінгенде аяқ киім лақтырып, қалауынша нұқып қояды.

Бірақ, болған жайтты балаларының ауызынан естігенде ата-аналар алғашында сенбегенін айтады.

“Балалар қорқып қалған. Себебі, күнделікті психологиялық қысым көрсеткен. Қорқытып-үркіткен, қолына түскен затпен ұрған. Тіпті, балабақшада түрмедегідей тәртіп орнатып, балалардың арасынан бақылаушы сайлаған. Яғни, оларға қатарластарын жазалап, тәрбиешіге көмектесуге үйреткен”, дейді Алматы қаласының тұрғыны Анар Нұрсұлтанова.

Алайда, басында түлкі бұлаңға салған меңгеруші соңында жазба өшірілген дискіні қолымызға әрең ұстатты дейді ашулы топ. Бірақ, арнайы маманның арқасында бейнені қалпына келтірген ата-аналар, балабақшадағы сұмдық оқиғаға куә болдық дейді.

“Бірнеше күнге дейін өз-өзімізге келе алмадық. Меңгеруші болса барлық жерде танысым бар, сендер ештеңе істей алмайсыңдар деп доқ көрсетті. Аудандық ішкі істер бөліміне барғанымызда бейне жазба өшірілген деді. Бағымызға орай барлығын дәлелдедік”, дейді Алматы қаласының тұрғыны Мәдина Өксікбаева.

Дегенмен, қараулық жасамадым деп ақталған меңгеруші балабақшадағы шуға қатысты қатаң шара қолданып, екі бірдей тәрбиеші жұмыстан қуылғанын айтады.

“Әбдірешова Кәмила Жүсіпқызы және Аязбекова Перизат екі тәрбиешіге қатаң сөгіс берілді. Біреуі өз еркімен зейнеткерлік жасына байланысты жұмыстан шығып кетті.

Екінші қызымыз қатаң сөгіспен жұмыстан шығарылды. Өйткені, тәрбиешілік қызметін дұрыс атқармағаныүшін осындай шаралар болды”, дейді №140 балабақшаның меңгерушісі Алина Нұрмаханбетова.

Бір қызығы, баламызды ұрып-соқты деп шағымданған ата-аналарға тәрбиешілердің өкпесі қара қазандай.

“Шу шыққан топта істегеніме 3 күн болды. Біріқ, бірінші күннен бері мүмкіндік бермейді ата-аналар. Таң бозынан келіп балаларды ұрасыз ба, кешке келіп балаларды ұрасыз ба деп жан-жағыма балаларды қойып сұрайды”,дейді балабақша тәрбиешісі Мөлдір Мұқашева.

“Осы жағдайдан кейін біздің балабақшаның тәрбиешілері жұмыс істемеймін деп өтініш жазып жатыр. Қазіргі жағдайда 5 тәрбиеші жетіспейді”, дейді балабақша тәрбиешісі Ғалия Бекзұрханова

Ал, балабақша меңгерушісі айлығы шайлығына жетпейтін жұмысқа білікті тәрбиешілер тарту қиын дейді.

Бірақ, болған істің әлі де ақ-қарасын анықтап, ақырына дейін күресуге бел шешкен ата-аналар қалалық білім басқармасы мен прократураға шағым түсіріпті.

Себебі, алғаш араша сұрап барған ішкі істер органдары арыздарын кері қайтарған көрінеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз