Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
9
USD
449
+0.25
EUR
477
-1.21
RUB
4.77
-0.02

Алматыда студенттің өлімімен аяқталған төбелеске не себеп болғаны белгілі болды

599

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Ұлынан айырылған ананың зары еріксіз сай-сүйегіңді сырқыратады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Динара Ыдырысова тек суретке үңіліп сағынышымды басамын дейді. Азалы жанның айтуынша, баласы сол күні әдеттегідей сабаққа аттанған. Түстен кейін оқу ордасынан қоңырау шалып, ұлының талып қалғанын жеткізіпті.

“Күйеуіміз екеуміз бірге бардық. Барғанда бала өліп жатты. Бізді жақындатпады, кіргізбеді, көрсетпеді. Артынан бәрі біткеннен кейін кіргізіп көрсетті. Баламыздың бетін ғана көріп үлгердік”, деді марқұмның анасы.

Марқұм Дастан Мұсахан биыл 9-шы сыныптан соң Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжіне түсіпті. Анасының айтуынша, сабақ үстінде староста ұлының қолындағы телефонын тартып алады. Кейін сыртқа шығып қайтарып алмақ болғанда бір топта оқитын студенттер арасында кикілжің басталған көрінеді. – Қайғылы оқиға колледж ауласының түбінде, дәл осы жерде болған. Алғашында марқұмның жанындағы студенттер оның құлап қалғанын айтыпты. Кейін тергеу барысында соққыға жығылғаны анықталған. Бірақ жанары жасқа шыланған ана баламның өліміне бірнеше адамның қатысы бар дейді.

“Тек бір бала ғана мойнына алып тұрған. Мен бұған сенбеймін. Себебі, қасындағы екі баланың қатысы бар деп ойлаймын. Сараптаманың қортындысында басына қан құйылған деп жазылған. Яғни ауыр затпен соққы жасалған”, деді қайғыдан қан жылаған ана.

Динара Ыдырысованың айтуынша, ауыр соққыдан ұлының денесінде сау-тамтық қалмаған. Ал, қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан колледж басшылығы зар илеген ананы сабырға шақырумен болды. Кінәлілер сайраңдап сабақта жүр. Колледж қызметкерлері кәмелет жасына толмаған күдіктінің бүгін де сабақта болғанын растады. Бірақ полицейлердің мәліметі мүлдем басқа.

“Сезіктіні уақытша оқшаулау абақтысына қамауға шешім қабылданған болатын. Қазіргі уақытта тергеу амалдары әлі де жалғасу үстінде. Іс  материалдарына сүйенетін болсақ, қылмыс жасаған азаматтың кінәсі толыққанды дәлелденуде”, деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Күдіктіге «абайсызда кісі өлтірді» деген айып тағылған. Алайда қара жамылған отбасы  2 ай бойы сергелдеңге салған тергеу амалдарына сенбейтінін айтып, кінәлі сытылып кете ме деп қауіптенеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз