
Наурыз мерекесіне арналған басты комедия«Малай» фильмі 13 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Бұл туынды 2019 жылы шыққан «Холоп» халықаралық франшизасының ресми бейімделуі. Оригинал нұсқасы Ресейде 62 миллион доллардан астам табыс тауып, Франция, Түркия, Мексика, Үндістан және Жапония сияқты алпауыт кинонарықтарға сатылған.

Фильмнің отандық нұсқасының режиссері – Ернар Нұрғалиев, ол бұған дейін «Келінжан», «Хотя бы в кинода 2», «Жездуха» сынды табысты жобаларымен танылған. Оның айтуынша, «Малай» – бүкіл отбасыға арналған, көңілді әрі жанға жылу сыйлайтын фильм. Картина қазақ тілінде түсіріліп, жергілікті менталитет пен әзіл ерекшеліктері ескерілген.

Сюжет желісіФильм Чина есімді бай баласының оқиғасын баяндайды. Ол ақшаға бәрін сатып алуға болады деп санайды, алайда бір күні әкесі шыдамын тауысып, оны ерекше әдіспен тәрбиелеуге бел буады. Олигарх XIX ғасырдағы қазақ ауылының көшірмесін жасап, ұлын сол жерге жібереді. Осылайша, Чина ауқатты отбасының ерке баласынан қарапайым ауыл тұрғынына айналып, жаңа өмірге бейімделуге мәжбүр болады.

Unico компаниясының бас продюсері Анара Жунусованың айтуынша, бұл фильм – әлемдік сәтті жобаларды қазақ мәдениетіне сай бейімдеу тәжірибесінің бір көрінісі. «Қазақстанда мажорлар тақырыбы өзекті, сондықтан «Холоп» франшизасын жергілікті ерекшеліктерге лайықтап түсіру маңызды болды. Сонымен қатар, фильм толықтай қазақ тілінде түсірілді», – дейді ол.