Алматы музейінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдығына орай «Ғасыр жасаған Ұлт театры» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Көрмеде Алматы музейі мен М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің қорынан алынған театр тарихына қатысты бірегей архивтік құжаттар мен фотосуреттер, 1940 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі спектакль афишалары ұсынылды.
Әсіресе, қазақ театр өнерінің көрнекті майталмандары киген сахналық костюмдер ерекше назарда. Атап айтқанда, А.Молдабековтің «Ваня аға» спектакліндегі, Ш.Жандарбекованың «Ақан сері – Ақтоқты» қойылымындағы, З.Шәріпованың «Отелло» спектаклінде Дездемона рөлінде киген, сондай-ақ Т.Жаманқұловтың Абылай хан бейнесіндегі сахналық киімдері және басқа да құнды экспонаттар көрмеге қойылды.
Көрменің ашылу рәсіміне Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері, шығармашылық интеллигенция, өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.