9 мамыр күні сағат 21:00-де Абай алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше дрон-шоу өтеді. Алматы тұрғындары мен қонақтарына 500-ден астам дроннан құралған жарық көрінісі ұсынылады.
Шоудың басты ерекшелігі – Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік көрсеткен қазақ батырларының бейнесі. Аспанда Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Бауыржан Момышұлының мүсіндері жарық арқылы бейнеленіп, олардың ерлігі заманауи технологиямен қайта жаңғырады. Сонымен қатар, еске алу нышаны ретінде тырналар бейнесі көрсетіліп, финалда «Жеңіс күні құтты болсын!» деген жазу қазақы ою-өрнекпен шығарылады.
Осыған байланысты, 9 мамыр күні 20:30-дан 21:30-ға дейін қала орталығында көлік қозғалысына шектеу қойылады. Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі және Достық даңғылының Құрманғазыдан Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі уақытша жабылады.