Алматыда Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында даңқты мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне ескерткіш орнатылады.
Жобаны іске асырумен қалалық әкімдік айналысады. Отбасы мүшелерімен бірге арнайы комиссия құрылып, кәсіби мүсіншілердің арасында байқау ұйымдастырылады. Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Денис Теннің атына мәнерлеп сырғанау академиясын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, арнайы қоғамдық қордың тіркелу жұмысы жүріп жатыр.
“Құрметті Денистің достары мен жанкүйерлері! Денис Теннің отбасының атынан барлық қазақстандықтарға осындай қиын кезеңде бізге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын! Осы уақыт аралығында Денис есімінің мәңгі есте қалуы үшін көптеген ұсыныстар айтылды. Министрлік және Алматы қаласы әкімдігінің басшылығымен кездесуде айтылған идеялардың барлығы қолдау тапты”, – деді марқұмның анасы Оксана Тен.
Дерек көз:Ктк.