Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
17
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Алматыда асқан қатыгездікпен өлтірілген үндістандық студент жайлы достары айтып берді

1780

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Үндістан азаматы ауруханада тілге келместен жан тапсырды. Қанды оқиға 9 қарашада  пәтерде болған. Үндістандық студент бұл пәтерді бір түнге жалға алыпты. Қазір қылмыс болған жерде қан іздері сол күйі тұр. Ал, өз аяғымен үйге кірген студентті таңертең пәтер иесі қансыраған күйі тауып, бірден полиция мен жедел жәрдем шақыртыпты.

Алайда денесі бірнеше жерден тілгіленген 23 жастағы Кумар Хемант тілге келместен ауруханада көз жұмды. Көпқабатты үйдің тұрғындары жантүршігерлік оқиғаны естіп, жағаларын ұстап отыр.

“Балалар бар өсіп келе жатқан. Ол қыз педофил ма, кім біледі? Пәтер берушілерді ешкім тексермейді. Заңсыз жұмыс істейді”, деді Алматы қаласының тұрғыны.

Үндістанның Бхаратпур қаласының тумасы Кумар Хемант Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетітінің 3-курсында оқыған. Халықаларық медицина факультетінің ақылы бөлімінде білім алған шетел азаматы үлгерімі нашар болып, 2 жыл қатарынан бір курста оқыпты. Ал оған университет жатақхана бермеді деген ақпаратты білім ордасы теріске шығарды.

“Ол студент ешқандай өтініш білдірген жоқ. Тек бірінші курста жатақханада тұрды. Екінші курстан бастап ол жеке пәтерде тұрған. Қазір біз елшілікпен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Университет көмек көрсетеді”, деді Қазақ ұлттық медициналық университеті коммуникация басқармасының басшысы.

Курстастары Кумарды ешкімге зияны жоқ, қой аузынан шөп алмас момын жігіт еді деп еске алады. Сондай-ақ, отандастары оның соңғы уақытта күйзелісте жүргенін жеткізді.

“Оның мұндай оқиғаға тап болғанын бірінші рет естідік. Оқу үлгерімі нашарлап, бір жылға қалып қойғанда, күйзеліске түскені есімде. Өзімен-өзі жүретін еді”, деді К. Хенманттың курстасы.

Ал көпқабатты үйде орнатылған бейнебақылау камерасы көмегімен тәртіп сақшылары қылмыстың ізін суытпай күдіктіні құрықтады. Ұсталған әйел марқұммен бірге көңіл көтеріп, ішімдік ішкен көрінеді. Түнде бірге болған екеуінің арасында жанжал туындап, күдікті үндістандық азаматқа белгісіз затпен тап берген.

“Осы қылмысқа қатысы бар күдікті бір сағаттың ішінде ұсталды. Ол 31 жасар Түркістан облысының тумасы. Алматыға нан табуға келген азаматша екен. Ол өз кінәсін толық мойындады”, деді Салтанат Әзірбек.

Қамауға алынған келіншектің жүріс-тұрысы қандай болғаны тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, кемі 7 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал болашақта дәрігер мамандығын алуы тиіс Кумар Хеманттың мәйіті ертең туған елі – Үндістанға жөнелтіледі.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз