«Менің қалама – 1000 жыл» сурет байқауында 28 жастағы қазақ жігіті Алмас Нұрғожин жеңіске жетті.
Суретшілер байқауы Алматының 1000 жылдық мерейтойына арналған еді. Қатысуға ниет білдіргендердің арасынан тек 12 суретші ғана екінші кезеңге өтті, деп хабарлайды BNews.kz.
– Осындай шаралардың жыл сайын өткізіліп, игі дәстүрге айналғанын қалар едік. Қала мен министрлік тарапынан да көбірек көңіл бөлінсе, нұр ұстіне нұр болар еді. Суретшілерге қолдау қажет. Бұл – еліміздегі ең «жас» жанрлардың бірі. Жеті күн плэнер үшін көп емес. Байқауда түрлі буын өкілдері жұмыс істеді, мұның өзі үлкен жетістік, – дейді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясының оқытушысы Өмірбек Жұбаниязов.
– Қылқаламды үш жасымнан бері жаныма серік еттім. Жылдар өте сурет салу өмірімнің мәніне айналып кетті. Кіндік қаным тамған жер – Қазақстанның ең әсем жерлерінің бірі саналатын Кеген. Алайда Алматымен мені көп нәрсе байланыстырады. Картинаның қай-қайсысынан да Алматыға деген махаббатым байқалады, – дейді байқау жеңімпазы Алмас Нұрғожаев.
Алматы тақырыбына тоғыз жұмысын арнаған Бақыт Сейсенханұлы ІІ-орын иеленді. Сондай-ақ суретші Дулат Үсенбаев та ІІ-орын алды, ол Алматы музейінің қорына 5 картинасын тапсырған. Оларға 150 мың теңгеден сыйақы берілді.
ІІІ-орын Мәлік Жұмағұлов, Оралбек Кабоке және Мөлдір Сағындықоваға бұйырды. Соңғы орын үшін конкурсанттарға 100 мың теңгеден табыс етілді.
Қалған қатысушылар грамотамен марапатталды. Жүлделі орындарға ілікпей қалған суретшілердің де картиналары мұражай қорына тапсырылды.