17 тамызға қараған түні «НеМолчиKZ» қорына Алматыдағы «Асылтау» тұрғын үй кешендерінің бірінде әйел адамның өлтірілгені туралы хабарлама түскен. Әйел ғимараттағы 14-15 қабаттарды жинап, тазалықшы болып жұмыс істеп жүрген. Тұрғын үй кешеніне полиция мен жедел жәрдем сағат 17:00-де жеткен.
«Біздің Алматыдағы тұрғын үй кешенінде тазалықшы әйелді күйеуі ұрып өлтірді. Бұл – сұмдық. Біздің елде әйелін ұрып-соғып өлтіру сәнге айналған сияқты. Қылмыскерді қолға түсірген секілді. Әйелдің жасы 45-те еді. Бір қызы бар. Мен оны күнде көретінмін. Сондай ұқыпты еді. Екі үйді 14-15 қабатқа дейін тап-таза етіп жинап шығатын», – деп жазды тұрғындардың бірі.
Алматы қалалық полиция департаменті қайғылы оқиғаны растап, іс қозғалғанын мәлімдеді. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.