Басты күдікті жаңа туған нәрестесін саудаға салған жас ана. Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында Қаскелең ауруханасының қызметкерлері мен шақалақты сатып алмақ болған келіншек бар.
Кепілге қомақты қаржы төлеп, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргендер бүгін сот залына өздері келсе, жиырма жастағы Кәмшатты арнайы жасақ алып келді. Процесс жабық түрде өтіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, дәрігерлер нәрестені сатып жатқан жерінен қолға түскен еді. Кейін бұған баланың анасы тапсырыс бергені анықталды. Ал нәрестенің әжесі олардың бұндай әрекетке қаржылық қиындықтан барғанын айтып ақталған. Қазір саудаға түскен бейкүнә сәби балалар үйінде жатыр.