Нұр-Сұлтан
Қазір
18
Ертең
19
USD
473
+2.63
EUR
542
+5.08
RUB
6.01
0.00

Алматы облысында металл конструкциясы мен бетон өндіретін ірі зауыт ашылды

Қарасай ауданы Әйтей ауылдық округінің аумағында бой көтерген кәсіпорын өнімдерінің 60 пайызы Алматы қаласы мен облысында сатылады. Қалған 40 пайызы Шымкент қаласына және еліміздің батыс өңірлеріне жөнелтіледі. Болашақта өнімдерді экспортқа шығару да жоспарланған. Қазірдің өзінде көршілес Қырғызстан мен Өзбекстаннан тапсырыстар түсе бастаған. Бұл зауыт өнімдерінің қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Зауыттың жалпы аумағы – 3 гектар. Компания кез келген күрделіліктегі металл конструкцияларын жобалау, өндіру және монтаждаумен айналысады. Сонымен қатар мұнда жұмыстың толық өндірістік циклі жолға қойылған.

Дәстүрлі монолитті құрылыс әдісімен салыстырғанда зауыттық модульдер мен металл қаңқаларды пайдалану өндіріс ғимаратын салу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Бұған қоса, металл конструкцияларын болтты қосылыстар арқылы құрастыру оларды оңай бөлшектеп, қажет болған жағдайда басқа орынға тасымалдауға мүмкіндік береді.

Жоба Қытай инвесторларының қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Өндіріс орнының салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған зауыттың негізін қалаушы Тивэй Жу Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған тиімді инвестициялық саясаттың зор ықпал етіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жоба да мемлекет қолдауының арқасында табысты жүзеге асқан. Ол жаңа кәсіпорынның іске қосылуы тың мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, компания ұжымы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстан экономикасының дамуына өз үлесін қосуға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Аталған нысандағы құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталды. Осы кезеңде өндіріс те іске қосылды. Содан бері кәсіпорында 200 мың текше метр бетон мен 6 мың тонна металл конструкциялары өндірілді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна металл конструкциясы мен 300 мың текше метр бетон өндіруге мүмкіндік береді. Осы көрсеткіш негізінде кәсіпорын Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ең ірі өндіріс орны саналады.

Алдағы уақытта жаңа, сұранысқа ие өндіріс бағыттарын игеру жоспарланып отыр. Бұл қосымша жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз