Шымкенттің 26 жастағы тұрғыны Toyota маркалы автокөлігін сату үшін Алматы облысындағы базарға кеткеннен кейін жоғалып кеткен.
Ведомство мәліметінше, күдікті «Тойота» маркалы көлігін сатуға келген 26 жасар азаматты «ақшаны үйде беремін» деген желеумен алдап, көлікке нотариалды құжат жасатқан. Көлік базарынан шыққанда елсіз жерде көлік иесін өлтіріп тастаған. Мұнан кейін мәйітін жол-жөнекей жарға көміп кетіпті.
Белгілі болғандай, күдікті бұған дейін сотталған екен.
«Түркістан облысының тұрғынын өлтіріп, көлігін алып кеткен 36 жастағы облыс тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына (Кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл іс облыстық тергеу басқармасының өндірісінде»,- дейді облыстық полициядағылар.
Айта кетсек, ұрланған көлік күдіктінің үйінен табылды. Автокөлік тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.