Алматының ауасының сапасын төмендететін факторлардың ішінде ЖЭС-тің үлесі басым болып тұр.
«Алматыда карантин бастала салысымен, біз бірден жағдайды пайдаланып, тұрақты түрде мониторинг жүргіздік (…) Біз өте қызықты фактілерге қол жеткіздік, —
деген министрдің сөзін inform.kz келтіреді —
Біріншіден, біз ЖЭС-2-нің әсері соншалықты үлкен емес деп санап келдік. Ашық айтқанда, әрқашан автокөліктерді кінәлаған едік. Бірақ карантин кезінде біз қаланың төменгі бөлігін, Бұрындай ауданынан бастап, Төле би және Сейфуллин көшелерін бақыладық. Бұл аймақ ЖЭС-2-нің ықпалында.
Сондай-ақ, біз қаланың экологиясына Алматы облысында орналасқан ЖЭС-3-тің әсер ететінін анықтадық. Бұрын ЖЭС-3-ті Алматы облысының балансында деп ескеріп келдік және оны назарға алмадық. Әуежайдың аймағы және Түрксіб ауданынан Талғар ауданына дейінгі аймақ ЖЭС-3-тің ықпалында».
Экологиялық ведомствоның бағалауы бойынша, Алматы ауасының ластану құрылымында автомобильдердің шығарындылары 52%-ды құрайды. Екі ЖЭС-тің үлесіне қалған 48% келеді.