Мемлекеттік қызметкерге арналған сыйлықтың бағасы екі айлық есептік көрсеткіштен, яғни 4242 теңгеден аспауы тиіс.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының орынбасары Алик Шпекбаев мемлекеттік қызметкерлерге Жаңа жылға қымбат сыйлықтар алғаны үшін жауапқа тартылатындығын ескертті.
“Мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық алуға заңмен тыйым салынған. (…) Жаңа жыл алдында мемлекеттік қызметкерлерді тағы бір рет ескерткіміз келеді. Бизнес тарапынан басшыларға, шенеуніктерге құттықтаулар жолданатыны бәрімізге түсінікті. Ол қоржындардың қанша тұратыны да белгілі. Олар 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінен асып кетеді”, — деді Шпекбаев сейсенбі күні сенат депутаттарымен кездесу барысында. Шпекбаев еске сала кеткендей, қазіргі нормаларға сәйкес, сыйлықтың құны 2 АЕК-тен асып кететін болса, параға жатады.