Қазақстанда жекелеген салалық қауымдастықтардың өкілдері ұлттық деңгейде тамақ өндірушілерге өнімдерінде өнеркәсіптік трансмайлардың 20%-на дейін пайдалануға рұқсат беру идеясын талқылауды жалғастыруда. Бұл ретте Қазақстан ЕАЭО ұсынатын техникалық регламентіне бағынады және сәйкесінше тамақ өнімдеріндегі трансмайлар 2%-дан аспауы тиіс.
Халықаралық нарықта азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты стандарттар мен нормаларды дайындауда үкіметтегі іс-қимылдарды реттеуші БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы құрылымы (ФАО) мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) негізінде қаланған «Кодекс Алиментариус» комиссиясы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Кодексінің байланыс пункті, медицина ғылымдарының кандидаты Жанар Толысбаева тілшіміздің сұрақтарына жауап берді.
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Алиментариус кодексі тарапынан және жеке өзіңіз сарапшы ретінде Қазақстандағы трансмайлардың рұқсат етілген нормасын 20%-ға дейін арттыру туралы бастамаға қатысты қандай пікір білдіресіз?
– 2003 жылы ДДҰ май қышқылдарының трансизомерлерін (МҚТ) тұтынуды күнделікті калория мөлшерінің 1%-на дейін төмендетуді ұсынды, бұл жалпы май тұтынудың 2%-на сәйкес келеді. Аталған ұсыныстың негізі трансмайлардың адам тамақтануындағы маңызы және олардың денсаулыққа әсері туралы көптеген зерттеулердің нәтижелері мен тұжырымдарынан туындаған. Осыған сәйкес азық-түлікпен бірге МҚТ-ның ағзаға түсуі жағымсыз әсер туындататыны расталған болатын.
Әлемдік қауымдастықтар үшін МҚТ-ны тұтыну мен жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) қаупінің жоғарылауы арасындағы тығыз байланыс үлкен алаңдаушылық туғызады. Бұл дегеніміз өлім-жітімнің негізгі көрсеткіші. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу және емдеу, соның ішінде ота жасауға айтарлықтай қаражат бөлетінің білесіздер. Ал біздің елімізде бірнеше жылдар бойы өлім-жітім себептерінің тізімін жүрек-қан тамырлары аурулары құрап отыр. Әрине бұл біздің елде ғана емес, қазіргі таңда әлемдік үрдіске айналған. Халықтың трансмайларды тұтынуын қадағалау негізінде азық-түлік өнімдеріндегі МҚТ құрамын төмендету арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын сырқат пен өлім көрсеткішін төмендету мүмкіндігі бар.
Жоғарыда айтып отырған мәселе тек білгілі бір адамдар тобына ғана емес бүкіл халыққа қатысы барын айта кетуіміз керек. Сонымен қатар МҚТ-ны шектеу жөніндегі норманы заңнамалық түрде бекіткен бірінші ел Данияның да тәжірибесі ескеріледі. Заңнама қабылдаған 3-4 жыл ішінде даниялықтар арасында жүректің ишемиялық ауруынан болатын өлім-жітім 11%-ға төмендеді, демек ұлттық деңгейде қысқа мерзім ішінде әрбір тоғызыншы өлімнің алдын алған. Осыған орай бастапқысында Еуропа, кейіннен өзге де құрлықтағы елдер тамақ өнімдеріндегі трансизомерлердің мөлшерін қатаң шектейтін мемлекеттер тізіміне қосылды.
Сіздің ойыңызша, Денсаулық сақтау министрлігі қандай позицияны қолдауы мүмкін? Себебі реттеу мәселесінде өзіндік нюанстар бар, мәселен біздің өмір сүру деңгейімізге септігін тигізетін экономикалық аспектіге әсерін екі жақты шешу керектігінің маңыздылығы. Десе де, денсаулық сақтау министрлігі үшін халықтың денсаулығын сақтап қалу басты орында екені анық.
– Не себепті тамақ өнімдеріндегі рұқсат етілген трансмайлардың пайызын азайту керек? Трансмайлар неге соншалықты қауіпті?
– Ғылыми қауымдастық жаһандық деңгейде созылмалы аурулар індетінің өсуі тамақтану мен өмір сүру салтының өзгеруімен байланысты екенін растады. Көптеген популяциялық-эпидемиологиялық дәлелдерге сүйенетін болсақ, әртүрлі созылмалы жұқпалы емес аурулардың салдарынан болатын сырқат пен мезгілсіз өлімнің алдын алуда тұтынатын тағамның маңызы зор.
Тамақтанудағы өзгерістердің бірі – адам қолымен жасалған өнеркәсіптік трансмайларды тұтынумен байланысты туындаған. Трансмайлар ұзақ уақыт бұзылмайды, ашымайды және құрамына кіретін өнімдердің жарамдылық мерзімін ұзартады, сонымен қатар олар арзан. Осы себептен де оны тамақ өнеркәсібінде кеңінен қолданады.
Алайда жүргізілген зерттеулер МҚТ адам ағзасындағы қабынуды қозғап, инсулин рецепторынан жасуша ішіне сигнал беру процестерін бұзу арқылы жасушалардың инсулинге сезімталдығын төмендететінін, тромбоздың өршуіне ықпалын және репродуктивті қызметке теріс әсер ететінін көрсетті. Сүт безі, ер мүшесінің безіндегі және тоқ ішектегі қатерлі ісіктің де МҚТ-мен байланысы анықталды. Жүрек-қан тамырлары ауруларының кең таралуы, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, мүгедектік пен мезгілсіз өлімге әкелетін салдары мәселенің әлеуметтік жағын да айқындай түскен.
Бірқатар эпидемиологиялық зерттеулер егде жастағы науқастарға қарағанда жас науқастарда МҚТ деңгейінің жоғары екенін анықтады. Алынған нәтижелер тамақтану рационының теріс жаққа өзгергенінің айқын мысалы болып табылады. Бұл келтірілген дәлелдер жастар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір сүру салтын (СӨС), дұрыс тамақтануды кеңінен насихаттап, жұқпалы емес аурулардың даму себептерін болдырмау бағытында айқын да нық қадамдар жасалып, жұмыс жүргізу қажеттігін көрсетіп отыр.
– ДДҰ-ның бұл мәселе бойынша ұстанымы қандай? Дамыған елдерде трансмайларға қатысты қандай шаралар қолданады?
– ДДҰ-ның жыл сайынғы көрсеткішіне сай 540 000 өлім-жітім өнеркәсіптік трансмай қышқылдарын тұтынумен байланысты болуы мүмкін деп есептейді. Трансмайларды көп тұтыну өлім қаупін 34%-ға, жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болу қаупін 28%-ға арттырған.
2023 жылы ДДҰ трансмайларды өндірістен алып тастап, әлемді өнеркәсіптік өндірістегі трансмайлардан толығымен бас тартуға шақырды. 2030 жылға қарай БҰҰ жариялаған тұрақты даму мақсаттары аясында әлемдік қоғамдастық жұқпалы емес аурулардан болатын мезгілсіз өлім-жітімді үштен біріне қысқарту мақсатын көздеп отыр. Әлем бойынша өнеркәсіптік трансмайларды пайдаланудан бас тарту арқылы осы мақсатқа жетуде негізгі қадам болмақ.
2018 жылы ДДҰ бүкіл әлем бойынша өнеркәсіптік трансмайларды тамақ өнімдерінен кезең-кезеңімен алып тастауға арналған нұсқаулық REPLACE (ауыстыру) пакетін ұсынды. ДДҰ трансмайларды тұтынуды тоқтату адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтаудың негізгі шарты деп санайды. Бұл жағдайда трансмайлардың орнына тағамның дәмі мен құнына нұқсан келтірмейтін дұрыс баламамен ауыстыруға болатындығын алға тартуда. REPLACE пакетінде тамақ өнімдерінің құрамынан өнеркәсіптік трансмайларды тез, толық және түпкілікті жоюды қамтамасыз етуге арналған алты стратегиялық шара тұжырымдалған.
Мәселенің өзектілігі халықаралық стандарттарды әзірлейтін «Кодекс Алиментариус» комиссиясының да жұмысына әсер етті. Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде де, ұлттық деңгейде де заңнамалық нормалар мен ережелерді әзірлеу кезінде Алиментариус кодексін стандарттармен сәйкестендіруге міндетті екенін атап өту керек. Сонымен, тамақтану және арнайы диеталық өнімдер жөніндегі кодекс комитеті (CCNFSDU) 2013 жылы «құрамында МҚТ жоқ» таңбалау талаптарын әзірлеу бойынша жұмысты бастаған. Комитеттің ұсынған жобасына сәйкес трансмайы жоқ тағамдарда 100 г майға 0,1 г-дан аспайтын трансмайлар болуы, тамақтану және денсаулыққа пайдасы туралы нұсқаулықта (CAC/gl 23-1997) көрсетілген «төмен» қаныққан май үшін белгіленген шарттарға сәйкес келуі керек. Бұл ретте, 2019 жылы Комитет кейбір мүше елдердің жоқтығын ескере отырып «құрамында МҚТ жоқ» деген таңбалауға қойылатын талаптарды тоқтату келіскен.
Осылайша, мәселе әлемдік қауымдастықтардың трансмайларды тұтынуды шектеу қажеттілігін түсінген кезде шешімін толық таба алады. Қазіргі уақытта стандарттарды одан әрі іске асыру және бақылау үшін зертханалық қызметтің мүмкіндіктері ғана тежеп тұр. Бірақ бұл жағдай уақытша. Техникалық жағы шешілгеннен кейін барлық елдер өнеркәсіптік трансмайларды азық-түлік өнімдерінен алып тастау саясатын енгізуге және импортталатын өнімдерді МҚТ-ның бар-жоғына бақылауға дайын болады. Қазір тамақ өнеркәсібі болашақ оң өзгерістерге бағыт алған, дайындық жұмыстарына әлі уақыты бар, демек өндірушілер трансмайларсыз тамақ өнімдерін өндірудің рецептері мен технологияларын игереді.
– Қазақстанда тамақ өнімдеріндегі трансмайлардың көп мөлшерінен келтірілетін зиянды азайту үшін халық не істеу керек? Көп балалы және табысы төмен отбасылар өздерін қалай қорғай алады?
– Созылмалы жұқпалы емес ауруларды бақылау мен таралуының алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі – заңнамалық нормалау. Трансмайлардың құрамын заңнамалық шектеу өнімнің құнына әсер етпейді, сонымен бірге халықтың осал топтарын қорғайды.
Халық трансмайлардың адам денсаулығына кері әсері туралы білуі керек. Сонымен қатар халық май қышқылдарының трансизомерлерінің зияны туралы ақпараттан бейхабар болса да, трансмайларды шектеу туралы заңнама тұтыну мөлшерін азайта алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының REPLACE ұсынған пакеті өнеркәсіптік трансмайларды тамақ өнімдерінен толығымен алып тастау процесінің өміршеңдігін де растап отыр.