Қазақстандық велошабандоз, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров және 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері ресейлік велошабандоз Александр Колобнев белгиялық Льеж қаласы қылмыстық сотында жауап береді, – деп хабарлайды Sudinfo.be.
Сот отырысы 13 наурызда өтеді.
Спортшыларға алдын-ала келісілген жарысқа түсті деген айып тағылды. Қылмыстық істі қозғауға басты себеп – Винокуров Колобневке 2010 жылы Льеж – Бастонь – Льеж жарысында 150 мың еуро беріп, жарыста өзінен кейін қалуын талап еткен.
Бірақ екі шабандоз да мұны жоққа шығаруда.
Ресейлік Александр Колобнев 2017 жылы қаңтарда спорттық мансабын аяқтаған.
Александр Винокуров спорттық карьерасын 2012 жылы аяқтады. Қазір ол “Астана” велокомандасының бас менеджері.
Фото: © alexander-vinokourov.com