Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
11
USD
449
+0.25
EUR
477
-1.21
RUB
4.77
-0.02

Алаяқтың кесірінен 20 жұптың үйлену тойы болмай қалды

Әкімшінің сөзіне сеніп, сан соғып қалғандардың бірі – Қали Әубәкіров. Ол үйлену тойын қыркүйекке белгілеп, мақтаулы мейрамханаға алдын ала тапсырыс береді. Аз уақыт өткен соң Сәбит есімді әкімшісі хабарласып: «егер тойдың ақысын толық төлесеңіз, адам басына тағы мың теңге жеңілдік жасаймыз» деп сендіреді. Той иелері алаяқ әкімшінің жазған хаттарын да сақтап жүр.

“Ең басты кепілдік ол – құжаттар болатын. Атап айтқанда келісім шарт, қаржы төлегені үшін чектер. Соны  қолымызға берді. Қолымызда олардың мөрі де, қолдары бар. Қалыңдығым Салтанат  ол әрине өте қобалжуда .Әке-анамның аңсап жүрген бақыттары, армандары іске орындалмай қалды”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Қали Әубәкіров.

Яғни, Қали мейрамхана әкімшісінің қолына 1 миллион 50 мың теңгені бірден санап берген. Ол бұл қаржының жартысын жылдар бойы жинаған, ал  бір бөлігін банктен несиеге алған екен. Ал екі ай уақыт өткен соң,  мейрамхана басшылары Қалидің тойы туралы  мүлдем бейхабар болып шыққан. Яғни, әкімші клинеттерден алдын ала алған ақшасын мейрамхана кассасына салмапты. Алданған Астана тұрғыны мейрамхананың  қожайындары да жауапқа тартылуы тиіс дейді.

“Ондай үлкен соманы  және көп адамды алдау бір адамның қолынан келе бермейді деп ойлаймын.Неге осы мекеменің әкімшілігі немқұрайлықпен қарайды? Ол олардың қызметкері. Олар жауап беруі керек.  Қандай да бір заңға қайшы әрекет жасаса, менің ойымша, басшысы жауап беру керек”, – дейді Астана қаласының тұрғыны Қали Әубәкіров.

Атышулы мейрамхана басшыларын іздеп барғанымызда, директоры жұмыс орнында болмады. Қызметкерлер сұхбат беруден мүлдем бас тартты. Ал той иелерінің аузын айға қаратып кеткен 31 жастағы әкімші қазір қамауда отыр.

“Жиырма шақты арыз келіп түсті. Келтірілген шығынның жалпы сомасы 15 миллионнан астам. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті қазіргі таңда қамауға алынған. Айыбы дәлелденсе, осы баптың санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады”, – деді Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы София Қылышбекова.

Заңгерлер мұндай алаяқтарға алданып қалмау үшін әкімшімен ғана емес, бірінші басшымен де кездескен жөн дейді.

“Осындай қылмысқа ұрынып қалмау үшін ең алдын ала жазбаша түрде шартқа қол қою керек. Ресторанның құжаттарын көріп алу керек. Ақша төлеген кезде заңды тұлғалардың реквизиттерін қарап алып алдын ала, содан кейін ғана құжатқа қол қоюы керек”, – дейді заңгер Серік Беркамал.

Маманның айтуынша, егер мейрамхана қожайыны сот алдында мөрдің ұрланғанын және құжаттарға қойылған қолдың жалған екенін дәлелдесе, жауапкершіліктен мүлдем босатылады. Ол жағдайда, бар жазаны қазір қамауда отырған әкімші арқалайды. Белшеден қарызға батқан той иелерінің шығынын да сол өтеуі тиіс. Ал отбасына келін түсіріп, туған-туыс пен қайынжұртының басын қоспақ болған Қали Әубәкіров енді ұлан-асыр тойдан мүлдем бас тартып отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз