Алакөл жағалауы жаңа туристік маусымға сақадай сай. Жаңартылған инфрақұрылым, қауіпсіздік шаралары, қолжетімді көлік қатынасы – бәрі демалушылар үшін ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған.
Назарларыңызға 2024 жылғы басты 10 жаңалықты ұсынамыз:
1. Ұшақ билеттері арзандады
Астана және Алматыдан Үшаралға күн сайын рейстер қатынайды. Мемлекеттік субсидия есебінен билет бағасы – небәрі 20 000 теңге.
2. Қосымша пойыздар іске қосылды
13 бағыт, оның ішінде “Тальго” жүрдек пойызы мен бірнеше өңірлік маршруттар көлге жетуді жеңілдетеді.
3. Автобустар жолға шықты
Алматы мен Талдықорғаннан Ақши және Көктұма ауылдарына тікелей автобустар қатынайды.
4. Медициналық көмек қолжетімді
Ақши ауылында тәулік бойы жедел жәрдем, дәріхана мен амбулатория жұмыс істейді.
5. Қауіпсіздік күшейтілді
Жағалауда 19 құтқарушы, 28 полиция қызметкері және 9 бақылау мұнарасы жұмыс істейді.
6. Суға түсу ережелері реттелді
Су көліктерінің қозғалысына қойылатын талаптар күшейтіліп, арнайы бақылау бекеттері орнатылды.
7. Жаңа байланыс мүмкіндіктері
16 базалық станса жұмыс істейді, оптикалық желі тартылып, интернет жылдамдығы артты.
8. Санитарлық инфрақұрылым жаңартылды
11 жаңа дәретхана қойылды, 60 қоқыс жәшігі мен 20 биотуалет орнатылды.
9. Экологияны жақсарту басталды
Ақши ауылында кәріз-тазарту станциясының құрылысы қолға алынды.
10. Энергиямен жабдықтау жүйесі жетілдірілді
Жаңа қосалқы станция салынып, электр беру желілері кеңейтілуде.