Ақтөбеде атылып өлді делінген арнайы мамандандырылған күзет басқармасының қызметкері Байбек Қарымсақовтың келіншегі жұрт күтпеген мәлімдеме жасады.
Келіншек өз білгенін марқұм күйеуін ақтық сапарға шығарып салған соң айтты, – деп хабарлайды КТК.
Айта кетелік, күзетшінің денесі дүйсенбі күні кешкі сағат алтылар шамасында өзі кезекшілікте болған қалалық әкімдік ғимаратының ауласынан табылған еді. Басынан оқ жарақатын алған ол сол жерде тіл тартпай кеткен екен. Күзет басшылығы бірден “кіші лейтенант өзіне өзі қол салды” деп мәлімдеді. Алайда мұнымен марқұмның жары келіспейді. Қаралы келіншек Байбек Қарымсақовты біреулер атып тастаған, не болмаса, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген, – дейді.
“Мен күйеуімнің өзіне қол салды дегенге сенбеймін. Өйткені сол күні әкімдіктің қасында полициялар жүгіріп жүр екен. 3-те тексеру болған оларда. Содан кейін 4-те дау-дамай болған. 4-те ол інісімен сөйлескенде ырсылдап тұрған. Демек, оны біреулер қуып атты немесе атуға мәжбүрледі”, — дейді марқұмның жұбайы Бағдагүл Жұбанова.
Келіншектің айтуынша, соңғы кездері оның жары жұмыстан шыққысы келіп жүрген екен. Сол жолы да кезекшілікке түсуге аса құлшыныс танытпапты. Осыдан бес ай бұрын офицер шенін алған Байбекке қызғанышпен қараған біреулер күн бермеген көрінеді.
“Көре алмаушылық. Соңына түскен.
Өйткені ол жақта шенді сатып алады. 700 000 теңгеден 1 миллионға дейін.
Бұл жағдай сағат 4-те болған. Бірақ маған кешкі 9 жарымда естіртті. 9-ға дейін жасарын жасап, бәрін жинастырып, жуып қойған”, — дейді Бағдагүл Жұбанова.
Сондай-ақ марқұмның келіншегі күйеуінің жұмысын ауыстырығысы келіп жүргенін де айтты.
“Бұл жерде былық көп. Ең аяғы алған 10 мың теңге сыйақының өзін картада суырып, бес мың теңгесін бастықтарына апарып береді.
Жолдасым жұмысынан шаршағанын жиі айтатын. Жұмысын ауыстырғысы келіп жүрді. Батальон командирі күн көрсетпейтінін айтып жатқанын бірнеше рет естідім. Бүгін садақаға ол адам да келді. «Менің Байбекті көрмегеніме үш ай болды» деп тұр. Күнде тексеріп, күнде көріп жүрген адамы туралы олай деп айтқанының өзі күлкілі емес пе?», — деді марқұмның әйелі жылап отырып деп хабарлады Aktobenews.
Келіншек тіпті олардың кім екенін де жасырмай аттарын атап, түстерін түстеп берді. Енді бұл істің ақ-қарасын арнайы комиссия анықтайтын болады. Алайда марқұмның жесірі бұл тексерудің әділдігіне де күмәнмен қарайтынын айтады. Енді үш баласын жалғыз асырайтын келіншек күзет басшылығынан осындай жағдайда отбасына берілуі тиіс барлық жәрдемақыны талап етпекші. Сонымен қатар “күйеуім өзін өзі өлтірді дегенге мүлде сенбеймін” деп мәлімдеген ол жарының абыройын сот арқылы ақтап алатынын да жеткізді.
Айта кетелік, 34 жастағы Байбек Қарымсақовтың денесі отбасы соңғы жылдары паналап отырған саяжай аумағындағы үйлердің бірінен шығарылды.