Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
10
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Ақтөбеде мектепте қайтыс болған қызға байланысты жаңа деректер шықты

Бұл туралы Baq.kz хабарлады.

Оқиға 10 сәуір күні кешкі сағат 18.15 шамасында болған. №38 қазақ орта мектебінде білім алатын Дильназ Әбішева сынып жетекшісінің тәрбие сағатында отырған. Кенеттен жүрегі ауырып, құлап қалған. Жедел жәрдем қызметіне хабарласқан мұғалім кейін мектеп мейірбикесі мен ата-анасы, сол мектепте оқитын ағасын шақыртқан. Мектеп мейірбикесі алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

«Жедел жәрдем бригадасы шақыртқан уақыттан кейін 15-20 минут ішінде келді. Оған дейін бірнеше рет хабарластық. Ақыры болмаған соң, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары көшеге шығып, жол бойына тұрып алды. Жедел жәрдем көлігін көшеден ұстағандай қылдық қой. Шыдамай шықтық. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсеткендей болды да, алып кетті. Мектеп ішінде қайтыс болғаны туралы дәрігерлер бізге сол жерде айтпады», – деді №38 қазақ орта мектебінің директоры Назгүл Хасен.

Бұған дейін Дильназ Әбішеваның мектепте қайтыс болғандығы туралы ақпарат тараған еді. Жергілікті басылымның хабарлауынша, мектептегілер жедел жәрдем қызметіне 20 минут ішінде 18 рет хабарласқан. Алайда, бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы жоққа шығарды.

 

 

https://kaz.365info.kz/zhedel-zhardem-kelmedi-akhtobede-okhushy-khyz-sabakh-ystinde-khajtys-boldy-311827

«Норматив бойынша бұл шақырту екінші деңгейлі шақыртуға жатады. Яғни, науқасқа жедел жәрдем бригадасы 15 минут ішінде қызмет көрсету керек. Ал, жедел жәрдем көлігі оқиға орнына 14 минут ішінде келіп үлгерді.

Шақыртуларды, жедел жәрдем қызметіне түскен қоңырауларды біз арнайы тексердік. «Жедел жәрдем қызметіне 18 рет хабарластық» деген ақпарат дәлелденбеді. Бұл – жалған ақпарат. 14 минут жәрдем күткен жандарға өте ұзақ болуы мүмкін. 4-5 рет хабарласқан. «Жедел жәрдем көлігін даладан ұстадық» деген ақпарат та өтірік, себебі бригада толық дайын болып келді.

Дәрігерлер келгенде балада өмір сүру белгілері болмаған. Медицинада клиникалық өлімге түсіп кеткен адамның өлімін бірден хабарламайды. Биологиялық өлім клиникалық өлімнен 20 минуттан кейін ғана хабарланады», – деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Марқұм Дильназ Әбішевамен мұндай жағдай бұрын да болған. Сабақта жүрген қыз бала бір рет жүрегі ұстап, құлаған. Ол кезде де мектеп мейірбикесі алғашқы медициналық көмек көрсетіп, есін жиғызған. Ата-анасына да ескертілген. Алайда, оқушының ата-анасы да, дәрігерлер де бұл ақпаратты тағы жоққа шығарды. Светлана Есенаманованың сөзінше, қыз баланың дені сау болған. Жүрек ақауына шалдықпаған.

«Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, балада ешқандай ауру белгілері анықталмаған. Сол себепті оған «жедел жағдайда жүрек тоқтауы» диагнозы қойылды. Ағзада еш өзгеріс болмаған. Соңғы диагнозды сот-медициналық сараптама 27 сәуірде береді.

Оқушы медициналық тексерістен биыл өткен. Ешқандай ауру түрі анықталмаған. 2016 жылдан бастап емханаға ешқандай аурумен ауырып бармаған. Мұны анасы да дәлелдеді», – деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Есенаманова.

Мектеп басшысы оқиға болған күні Дильназдың 3-сабақта дене шынықтыру сабағына қатысқанын айтады. Алайда, сабақта қарапайым жаттығулармен шектелген. Дильназ Әбішеваның сабақ үлгерімі орташа. Ата-анасымен жалдамалы пәтерде тұрған.

«Дильназ 1-сыныптан бастап біздің мектепте білім алды. Өте нәзік бала еді. Сабақ үлгерімі орташа болды. Өзінен бір сынып жоғары оқитын ағасы үздік оқыды. Дегенмен, Дильназдың достарымен қарым-қатынасы өте жақсы болды. Барлық сабаққа қатысатын», – дейді №38 қазақ орта мектебінің директоры Назгүл Хасен.

Дильназдың өліміне қатысты соңғы сараптама 27 сәуірде жарияланады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз