Ақтөбе облысының Алға қаласында 17 жастағы колледж студентін белгісіз бір топ жасөспірім жабылып соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған бозбаланың денсаулығы күрт нашарлап, жиі есінен танып қала бастады. Анасының айтуынша, баласы тамақ іше алмай, басы, бет-жүзі қатты зақымданған – мұрны сынған, жағы қисайған, көзі ісіп кеткен.
Жәбірленушінің анасы Өтебике Құрсаубаева ұлын ұрғандардың әділ жаза алмағанына наразы. Оның сөзінше, шабуылдағандардың саны 16-ға жуық, бірақ тек екеуі ғана сот алдында жауап беріп, жеңіл жазаға кесілген.
«Баламды бәрі жабылып ұрып, тепкілеген. Қанға боялған, аяқ іздері киімінен көрінді. Қатты соққылардан психикалық жағдайы да нашарлады», – дейді ол.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу кезінде тек екі күдіктінің кінәсі дәлелденген. Олар қарақшылық бабымен екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Қалғандарына қатысты іс дәлелдің жеткіліксіздігінен тоқтатылған.
Дәрігерлер жәбірленушіге ұзақ мерзімді ем қажет екенін айтқан. Екінші топ мүгедегі болып табылатын анасы ұлының еміне кететін шығынды сотталғандардан өндіріп беруді талап етуде.