Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Ақтөбеде қақырап құлайын деп тұрған екіқабатты үйдің тұрғындары шу көтерді

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– 40 жыл бұрын Ақтөбеде жұмыс істеген геологтарға уақытша баспана ретінде ағаштан салынған үйлердің бүгінгі күйі мынадай. Тоқырау жылдары билік үйді бұзуға қимады ма, алақандай бөлмелерді әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлестіріп беріпті. Дәл солай 12 шаршы метрге қолы жеткен Болатбек Төремұратов бүгінде 3 баласымен әлі тұрып жатыр. Қабырғаның ағаштары сөгіліп, іргесі ыдырай бастаған. Мұндай үйге газ өткізуге де болмайды. Санитарлық бөлме де қаралмаған.

Болатбек Төремұратов, қала тұрғыны:

– Қыста үй ызып кетеді. Жел қай жағынан соғады, сол жағынан салқын. Көктемде төбеден су ағады.

Тұрғындар өздері ақша жинап, тәуелсіз сараптама жасатқан. Олар үйдің 80 пайызға жуығы тұруға жарамсыз деген қорытынды шығарған. Бұл үйдің проблемасын қала билігі біледі. Жақында әкімдіктен арнайы комиссия құрылып, үйге тағы сараптама жасалады. Ол үшін баспананың барлық құжаты дұрыс болуы тиіс.

Ақнұр Қазыбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы жетекшісінің міндетін атқарушы:

– Ол үйдің тұрғындары бізге хабарласты. Олар құжаттарын заңдастырулары керек. Ол үшін тұрғындар үйдің техпаспортын, жер актісін әділет басқармасына кондоминиум нысаны ретінде тіркеу керек.

Яғни құжаттары реттелгеннен кейін, комиссия ресми түрде апатты деп танылса, тұрғындар баспанасыз қалмауы тиіс. Жалпы қалада 300-ге жуық ескі үй бар. Оның жиырмасы – апатты жағдайда тұрған үйлер. Жақында сондай бір үйдің проблемасы шешілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде тұрғын үй салатын компания ескі үйдің орнына жаңасын тұрғызатын болды.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз