Ақтөбеде «емшіге алдандық» деген 100 шақты адам шу шығарды. Емші дертіне дауа іздеп барғандарды гипнозбен арбап несие алдыртқан көрінеді. Әулие санаған адамдарының алаяқ болып шыққанына ашынған олар прокуратурадан оны қамауды талап еткен. Емшіні тәртіп сақшылары ем жүргізетін орнынан тергеуге алып кетіп, қылмыстық іс қозғады.
Әулиедей көрген адамына ем іздеп барғандар қарыз арқалап қайтамыз деп мүлдем ойламаған. Отыз жылға жуық емшілікпен айналысқан Сұлушаш Қазыбаеваға алдандық деген ақтөбеліктердің саны алпыстан асыпты. Олардың қатары күннен-күнге көбейіп барады. Емші қабылдауына келгендерді гипнозбен есінен айырып, онлайн несие алдырады екен.
«Біз емге барып жүргенімде гипноз арқылы мені 18 миллионға сазға отырғызды. Қазыбаева Сұлушаш деген кісі. Бес баламен қазір жұмысым да, тамағым да жоқ, балаларыма алатын, мысал үшін. Емделуге барғанда жатқызып қойып, гипноз жасай ма, білмеймін. Жатқызып қойып емдейді. Кейін біз білмейміз, не істегенімізді. Телефонымызды алып, біздің атымыздан несие рәсімдеп отырған», – дейді Райхан Зарлықова.
Халық емшісі алдына келгендерді ғана емес, өз жақындарын да аямапты. Сан соғып қалғандардың қатарында туыстары мен ауылдастары да бар. Бәрі «қандай сиқырға тап болдық» деп, таңқалып отыр. Зейнетке шыққан жеңгелері де миллиондаған несиені қалай алғанын білмейді.
«Содан ем жасады, кейін басым ауырды, сөйтіп тұрғанда телефонымды алып, былай-былай сөйлесті. Тіпті, қой дегенге қоймады. Білмеймін, суретке түсірді де, қолға мақұлдау жіберді. Сол жерде «саған үш миллион шықты» деп, мені мақтады. Қалай маған 120 мың теңге шығады? Содан сол үйден кете алмадым. Қандай сиқыры бар екенін білмеймін!», – деді Күлзипа Төремұратова.
Емшіге алданғандар тәртіп сақшыларына арыз да түсірген. Облыстық прокурордың да қабылдауына барды. Олар Сұлушаш Қазыбаеваны қамауға алуды талап етіп отыр. Ақыры қаланың бас полицейі де емшінің қабылдауына келді. Сол жерде оны тергеуге өзімен бірге алып кетті.
«ҚР ҚК 190-бабы, 3-бөлігі, яғни ірі көлемде бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша. Осы қылмыстық іс аясында арыз жазғандар, сонымен қатар басқа да арыз жазуға дайын азаматтар екен. Осы жерге жиналып тұр. Ақтөбе қаласының тумасына қатысты. Бұл жерге келдік. Барлық мән-жайды анықтадық. Қазір ол кісіні тергеу үшін полиция бөліміне жеткіземіз», – деп түсіндірді Ақтөбе ПД басқармасының бастығы Әсет Қалиев.
Еріксіз емшінің сиқырымен бір миллионнан 25-28 миллионға дейін ақша алып бергендер бар. Тәртіп сақшылары оны тергеуге үйінен көлікпен алып кетіп, уақытша қамау изоляторына қамаған. Жәбірленушілер оны тергеу кезінде де үйқамаққа жібермей, абақтыда ұстасын деп отыр. Себебі өзгелер де арбалып қала ма деп қорқады.