Ақтөбеде кәмелетке толмаған баланы ұзақ уақыт бойы қорлап, қинаған өгей әкеге қатысты үкім шықты. Қаланың №2 соты Қылмыстық кодекстің «Қинау» бабымен қаралған істің нәтижесінде айыпталушыны 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Сотта анықталғандай, қала тұрғыны 2012 жылы туған өгей баласына жүйелі түрде күш көрсетіп, оны базарда жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Тергеу материалдарында баланың денесінде көгерулер болғаны, ал ең ауыр зардап психологиялық тұрғыда келгені көрсетілген. Сараптама қорытындылары баланың психикасына елеулі зиян тигенін растаған.
Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстың кәмелетке толмаған балаға қатысты жасалғанын, оның қоғамға аса қауіпті екенін ескерді. Нәтижесінде сотталушы Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.