Ақтөбеде автобуста болған өрттен зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілуде.
Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Самара-Шымкент трассасында автобус өртеніп, санаулы адам ғана аман қалды. Төтенше жағдай кеше Қалыбай ауылынан 10 км және облыс орталығынан 320 км қашықтықта Самара-Шымкент трассасында Астана уақытымен сағат 10.30-да болды.
Аман қалғандардың айтуына қарағанда көлікте үш Қазақстан азаматы (жүргізушілер) мен 54 жолаушы – Өзбекстан Республикасының азаматтары болған.
Сағат 10:50-де облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің басшылығымен жедел штаб құрылып, облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының жедел отырысы өткізілді. Қызмет бағыттары бойынша тапсырмалар беріліп, соған сәйкес Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығына облыстық қызметтерді тарта отыра жедел штаб құрылды, психолгиялық көмек беретін ыстық желі мен анықтама орталығының жұмысы қамтамасыз етілді.
Облыс әкімдігі Ырғыз ауданының әкімдігімен бірлесе зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және өзге де қажетті көмектерді көрсетіп жатыр.
Өрттің себебін анықтау үшін төтенше жағдай орнына ІІД-нің жедел-тергеу тобы, сынақтық өрт зертханасы, жылжымалы жылыту бекеті жіберілді.
Төтенше жағдай аймағында көлік қозғалысын реттей отыра қоғамдық тәртіпті күзетке алу және қоршауға алу жүзеге асырылуда.
Оқиға болған жерге облыс әкімінің орынбасары С.Төленбергенов, ТЖД бастығының орынбасары Е.Өтегенов, облыс прокурорының орынбасары Д.Сыздықов, процессуалды прокурор О.Орынбасарұлы, облыстық ІІД басшысының орынбасары Е.Қалиақпаров барды.