Ақтөбеде Тұңғыш президент саябағында жаяу жүргіншілерге қарай қойып кетіп, бір адамды мерт қылып, бірнеше адамды жарақаттаған қымбат көліктің доңғалы атылып кеткен екен.
Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне осы оқиғаның куәгері айтып берді.
“Жол апаты жергілікті уақыт бойынша 21:20-да көз алдымда болды. Менен 40 метрдей жерде ғана. Suzuki Vitara бардюрден асып, қоршауды бұзды да, екі адамды – жігіт пен қызды қақты. Жігітті жедел жәрдем алып кетті, оның жағдайы ауыр болды, аяқ-қолдары сынған.
Қыз он метрдей жерге ұшып кетті. Баспен соғылып, мерт болды. Ол жерде қан көп.
Біреулер ол қызды жүкті сияқты деп жатқан”, – дейді куәгер.
Болжамдардың бірі бойынша, оқиға дөңгелектің жарылуынан болған. Екінші болжам бойынша, ол біреумен жарысқан.
“Жылдамдығы сағатына 150 шақырымнан кем болған жоқ. Көлік жанымен аударылып қалғанда, оның ішінен екі қыз бен бір жігіт шықты. Олардың үсті қан болды. Нақты білмеймін, бірақ, рөлде қыз отырған деп айтып жатыр ғой”, – дейді ол.
Сонымен бірге, куәгер бұл жолмен адам көп жүретіндігіне қарамастан, бағдаршамның жоғына наразылығын білдірді.
“Бізде билік қателіктен ғана үйренеді”, – деп өкініш білдірді ер адам.