Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-14
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

Ақмола облысында газ балоны жарылып бүтін бір үй өртеніп кетті

133

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Жалпы көлемі 150 шаршы метр үйден алапат өрттен кейін қалғаны мына үйіліп жатқан күл-қоқыс. Оқиға сейсенбі күні кешкі ондар шамасында болған. Әуелі үй өртене бастап, артынан газ баллоны жарылған. Қуатты жарылыстан үй дүр сілкінгенде отағасы Қанат әйелі, 7 және 4 жастағы баласын  бауырына қысып отыра қалыпты. Құдай сақтап, ешкім жарақат алмаған. Мына тұрған темір асүйдегі тоңазытқыш. Осындай темір мен отқа жанбайтын фарфор ыдыстардан басқаның бәрі күлге айналған. Жарылыс көрші бөлмеде болыпты.

Салмағы 7 келілік газ баллоны мына мен тұрған жерде, есіктің кіре берісінде тұрған. Болжам бойынша, ішіндегі газдың қысымын ұстай алмаған да темірі қарс айрылған. Жарылыстың қуатты болғаны соншалық, алпамсадай 9 метрлік ұзындығы бар опырылып, әп сәтте түгі қалмай жанып кеткен.

Бәріне кінәлі мына баллон. Көгілдір отын ішіне шамадан тыс сығымдалып кетсе керек, қара темірді жыртып жіберіпті. Ал мына көріністі үйдегілер түсіріп алған. Жалын үйді тез шарпып, киім-кешек, дүние-мүлік пен құжат атаулыдан түк қалдырмапты. Әйтеуір, ойран-топан болғанда Қанат дағдарып қалмай, бәрін далаға алып шығып, дін аман қалған. Ал құтқарушылар кешігіп келді деп ренжулі.

“Аулымызда өрт сөндіру қызметі жоқ екен. Көрші ауылдан келем дегенше 45 минуттай уақыт өтті. Оған дейін үйіміз де өртеніп болды. Өртті өшіруге кіріскені сол еді, сәлден соң суы бітіп қалды. Сосын қаладан шақырттық”, деді Қоянды аулының тұрғыны.

Қанат бұл үйін төрт жыл бойы салып, былтыр ғана кірген беті екен. Әуелде көрші-қолаң үйлеріне кіргізіп, киім-кешек беріпті. Енді ақша жиып, Астанадан бір айға пәтер жалдап берген. Одан бөлек, жергілікті мешіт жамағаты ақшалай 300 мың теңге жинап, демеушілер киім-кешекпен әлі де қамтамасыз етіп жатыр.

“Заңға сай 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек беріледі. Ол заңда бекітілген және де керекті құжаттары рәсімделді.  Кеше ғана орынбасарым бірге жүріп халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып заң жүзінде бәрін түсіндіріп, әкімшілік сол тарапынан көмек жүргізіп жатыр”, деді Қоянды ауылдық округінің әкімі.

Заң бойынша қарастырылғаны 70 мың теңге. Заңнан аттап кете алмаймыз деп отыр. Ал баспанасынан айрылған Қариповтар отбасы қол ұшын бергісі келетіндердің қандай көмегіне де зәру.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз