Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
11
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

“Айтпаңдар деді…”. Белгілі саясаттанушы ұлт мәселесіндегі биліктің құпиясын ашты

Мысалы, Алаш және Алашорданың 100 жылдығына қатысты үлкен конференция, түрлі шаралар өтті. Ас берілді. Баспасөзде қаншама мақала жарық көрді. Біраз кітап шықты. „Алтын қаламның„ айналасында қаншама тың туындылар жарық көрді. Бұл – жақсы үрдіс. Бұл да біздің рухани жаңаруымыздың, отарсыздануға деген құлшынымыздың көрінісі.

Бірақ, Алашорданың 100 жылдығы туралы, осы маңдағы тарихи оқиғаларды осы күнге дейін біздің үкімет арнайы комиссия құрып, жарлықпен бекіте алмауы — бір қызық енді. Неден, кімнен қорқады?

Әрине, өкінішті. Сондықтан біз бұған қоғамның белсенділігінің арқасында жеттік десем артық айтпаған болар едім, – дейді ол.

Алашорданы неге айтқызбады дейсіз бе?..

Сондай-ақ  саясаттанушы Алашорда тақырыбының қозғалмауының сырына да үңілді. Оның айтуынша, ол тақырып – Қазақстандағы Кеңес үкіметінің заңсыз үстемдік еткенін нақтылайтын бұлтартпас факті.

– Мысалы, осы жылы Мәмбет Қойгелді ағамыздың бірнеше мақаласы жарияланды. Ол кісі Қазақстандағы Кеңес үкіметі заңсыз деген тұжырым жасады.

Өйткені Қазақстандағы Кеңес үкіметін ешкім сайлаған жоқ, ешқандай халықтың қолдауына ие болмаған, былайша айтқанда, бопсалап, зеңбіректің күшімен келген билік қой ол. Бірнеше баяндамасында, бірнеше конференцияда осы айтылды. Жақсы айтты.

Керісінше, Алаш үкіметі бір емес, екі съезін өткізген. Толық сайлау компанияларын жасаған, халықтан өз өкілдерін сайлаған. Тәуелсіздігімізге 26 жыл болды деп жатырмыз. Ал неге біз кезіндегі Әзербайжан сынды басқа мемлекеттер сияқты өз тәуелсіздігімізді 1917 жылдан бастамаймыз? Неге біз тәуелсіздік алдық дейміз, неге біз тәуелсіздігімізді жалғастырмаймыз? Үлкен тарихымыз бар, ол ақиқат қой. Қазақ хандығының 550 жылыдығын тойладық. Оны ресми мойындаттық бәріне. Міне, осындай үлкенді-кішілі сұрақтар түсінген адамға бұл арада бірінен кейін бірі туа береді.

Саясаттанушы мұнымен тоқтауға болмайтынын, тарихшылар, гуманитар мамандар ақпан мен қазан төңкерісін де зерттеу керектігін айтады.

– 2017 жылы тек Алашорданың 100 жылдығы ғана емес, сонымен қатар Кеңес өкіметінің екі төңкерісінің, яғни ақпан мен қазан төңкерісінің 100 жылдығы болды. Екеуі де қазаққа зор әсер еткен оқиғалар. Салдарын айтамын. Алаштың пайда болуына да әсер етті. Тоталитарлық жүйенің, идеологияның тууына алып келген осы екі оқиға. Ресейдің зиялы қауым арасында бұл тақырыптар жақсы әрі терең талқыланды. Ал біз Алаштың 100 жылдығын айттық та ана екеуін назардан тыс қалып қалған сияқты.

Бұл философиялық, тарихи методология тұрғысында қателік деп ойлаймын.

Әйтпесе қазіргі біздің бойымыздағы үрей, қорқыныш қалай қалыптасты, құлдық санаға қалай бой ұрдық, бәріне осы екі оқиғаны қаузағанда көп жауап алар едік. Кез келген ел тарихына қатысты кезең-кезеңімен сұрақтар қойып, оған шыншыл жауап тауып отыру керек. Осы жағынан алғанда, біз биылғы жылды босқа өткізіп алған секілдіміз.

Алдымен экономика, содан соң саясат деп идея, идеология жағына онша мән бермедік. Ал қазір экономиканы, саясатты сүйреп келген ұрандардың орысша айтқанда бензині бітіп қалды. Енді бұлар қоғамды алға сүйреп жүре алмайды.

Мысалы, жетім баланың біраз күш-қайраты менің әкем, менің шешем кім дегенге кетпейді ме?

Біз осылай мемлекетті жетімсіреген қоғам ретінде алып келдік. Дамуымызды өз тарихымыздан бөлек қарап келдік.

Бір өкініштісі уақытты жоғалтып жатырмыз. Ең жаманы — біздің ұлтымыздың алтын уақыты ұрланып жатыр. Біз қазақбайшылыққа саламыз: „Ештен кеш жақсы„, „Сабыр түбі сары алтын„, „Шүкір, тәубе„ дейміз. Қоғамның болмысын өзгертіп жатырмыз, қазір осындай жақсы құбылыс бар. Оны жақсылыққа жорығымыз келеді, әрине. Солай-ақ болсын, бірақ қимылды жылдамдату керек.

Латын қарпіне көшу науқаншылдыққа бой ұрмасын десек…

Саясаттанушы латын қарпіне көшуде Үкіметтің рөлі қандай болуы керектігіне де тоқталды.

– Біздің үкімет — “гениальный”, талантты үкімет. Ең керемет деген идеяны өзі ұсынып, өзі оны қолдан сайқымазаққа, қойыртпаққа айналдыруға шебер.

Көріп отырмыз. Жарты жыл өтті. Латын қарпі деді. Айтыс-тартыс болды. Қазір ұлттық консенсус бар. Қоғам қолдап отыр. Билік қайтті?

Біз басқарамыз, біздің айтқанымыз ғана болуы керек, біздікі болмаса ешқайсы болмайды деген ишараты латын қарпіне көшуді қолданушылардың өзін екі-үшке бөліп жіберді. Неге ондай озбырлыққа барады?

Қазақ әліпбиінің тағдырын неге шенеуніктер айқындауы тиіс? Неге сала мамандарының өзіне мұны қалдырмайды? Мейлі, бір жыл айтыссын, әйтеуір бір тоқтамға келсе, ол мамандардың тұжырымы болады ғой.

Көптеген идея болды. Жалпыға бірдей еңбек қоғамы деді, анау деді, мынау деді. Қазір соның бәрі жоқ қой. Аталмайтын жағдайға жетіп қалды. Рухани жаңғыру да осының кебін кимесін десе, үкімет, президент әкімшілігі Жаңа жылдан кейін осы бағдарламаға деген өздерінің фундаментальды көзқарастарын өзгертіп, жаңалауы керек. Негізгі салмақты мемлекеттік аппаратқа емес, қоғамның өзіне жүктеуі керек. Қоғамның өзі айналысып, өзі оған бастаушы болуы тиіс. Сонда ғана атқарылып жатқан шаралар қоғам тарапынан қолдауға ие болады, баянды болады.

Кез келген реформаның әлеуметтік базасы деген болады ғой. Міне, бізде қолға алынған барлық реформаның әлеуметтік базасы Астанадағы оншақты кабинетпен шектеліп қалуы да ықтимал. Мүдделер, тендерлер және басқасы бар дегендей. Сол ғана қозғаушы күш сияқты боп тұрады. Ондай реформалар ертең билік, заман, тіпті науқанның өзі өзгеруі мүмкін, сол кезде шайылып кетуі әбден мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз