Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет атауын Q арқылы жазу туралы бастамасы қоғамда қызу қолдауға ие болды.
Егер үкімет мемлекеттің атауы мен жазылуына байланысты өзгеріс жасайтын болса, бұл бізге экономикалық тұрғыдан тиімді ме? Себебі, шетелдіктер Қазақстан десе, ең алдымен Ауғанстан мен Пәкістан сынды мемлекеттерді есіне түсіреді.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали мемлекет атауын Q әрпі арқылы жазу керек деген ұсынысты қолдайды. Алайда, ол мемлекет атауының Қазақ елі деп аталуына қарсы.
Ал мемлекет атауынан «стан» жалғауын алып тастап, Қазақ немесе Қазақия республикасы болсақ, бұған халықаралық қауымдастық қалай қарайды? Бәлкім, «стан» жалғауын алып тастасақ шет елдік инвесторлардың қызығушылығы артатын шығар?
– Егер біз Кеңестік коммунистік мұрадан бас тартсақ, оған халықаралық қауымдастық оң көзқараспен қарайды. Өйткені, бұрын Батыс елдері ұлтшылдық лептен қорқатын. Бірақ,
олар Украинадағы жағдайдан кейін ұлтшылдықты конструктивті күш деп есептей бастады.
Сондықтан біз мемлекетімізді Қазақ немесе Қазақия республикасы деп атасақ, халықаралық қауымдастықты шошытып алмаймыз. Әлдекімдердің «мемлекет атауын өзгертетін болсақ, шығынға шаш етектен батамыз» деген сөзі қисынсыз. Белгілі бір деңгейде шығын шыққанымен, оның пайдасы уақыт өте келе ақталады деп ойлаймын, – дейді Әзімбай Ғали.
Ал саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша мемлекет атауын өзгерту төлқұжаттағы «ов», «ев»-ті алып тастау сияқты нәрсе. Алайда, саясаттанушы «төлқұжатты өзгерткеннен кейінгі мәселелер орындала ма, жоқ па?» деген сұрақты көлденең тартып отыр.
– Егер орындалатын болса, «стан» жалғауын алып тастауды бірінші қадам деу керек те, экономикалық шығын дегенді екінші орынға ысырып тастау керек. Себебі, әлемдегі «стан» жалғауы бар мемлекеттерді не біріктіреді? Ең біріншіден жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, саяси реформалар мен шынайы модернизациялардың жоқтығы біріктіреді. Сондай-ақ, қоғамның дамымай мешеу болып қалуы мен биліктің халықтың талап-тілегіне назар аудармауы сияқты көптеген мәселе «стан» жалғауы бар мемлекеттерге тән.
Жемқор мінез-құлқымыз сол баяғы күйінде қала беретін болса, мемлекет атауын өзгерткеннен еш пайда жоқ,
– дейді Айдос Сарым.
Белгілі экономист Жанкелді Шымшықов мемлекет атауын екі рет өзгертіп шығындалғанша, бір-ақ рет өзгерту керек деген пікірде. Бірақ, оның да әзірше мүмкін емес екенін айтады.
– Егер іштегі қарсылық болмаса Мемлекет атауын екі рет емес, бір рет қана өзгертуге болар еді. Өкінішке қарай,
орыстілді азаматтар Қазақ елі немесе Қазақия деген атауға қарсы болып отыр. Өйткені олар мемлекеттің қазақ ұлтына тиесілі екенін мойындағысы келмейді.
Сондықтан да мемлекет атауынан «стан» жалғауын алып тастау дәл қазіргі уақытта іске аспайды деп ойлаймын. Тіпті бұл бастама мәселені ушықтырып жіберуі мүмкін. Мәселе уақыт пен демографияға тікелей байланысты болып отыр. Рим клубының анықтамасы бойынша, егерде халықтың 3/2 бір ұлт болса, онда ол мемлекетті ұлттық мемлекет деп атауға болады, – дейді экономист.
Иә, рас мемлекет атауына қатысты өзгеріс жасау оңай шаруа емес. Алайда, алдағы 10-15 жылда «стан» жалғауынан бас тартып, Қазақ немесе Қазақия Республикасы болып өзгеруіміз де ғажап емес. Себебі, «стан» жалғауы бар Қазақ елі Ауғанстан мен Пәкістан сынды артта қалған мемлекеттерді еске түсіретіні қалың жұртшылықты айтпағанда, Елбасының да намысына тиетін сияқты.
Ал дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан мемлекеттің «штанын» сүйретіп, өркениетті елдердің қатарына қосыла алмасы анық.