Ресейдің Төменгі Новгород қаласында жергілікті тұрғын тергеуші әйелін жұмысынан қызғанып, өз ұлын өлтіріп тастады.
Газеттегі ақпаратқа сүйенсек, 3 қарашада тергеуші әйелге үйінде төрт жасар баласымен отырған күйеуінен хабарлама келеді. Ол «Сен енді бізді көрмейсің» деп жазып жіберіпті. Әйел жұмысынан сұранып шыға алмайды. Өйткені, сол уақытта кезекшілігіне кіріскен. Әйелін күтпеген ер адам баласын көлікке отырғызып, от тұтандырады. Бала көміртегі газына тұншығып қайтыс болады.
Қылмыскер тұтқындалды. Тергеу барысында ол «әйелін жұмыстан қызғанғандығын» мойындады. Айтуынша, әйелі тәулік бойы жұмысына кетіп қалады екен. Сондықтан осындай қылмысқа барған. Бірақ полицейлерді айыпталушының жауабы қанағаттандырмады. Олар өздері зардап шекпеу үшін ер азаматқа «жұмысынан қызғандым» деген сөзді жауабынан алып тастауды өтінді. Ал баланың анасына тып-тыныш жұмыстан шығуды ұсыныпты. Жеке өміріне байланысты жұмысына кедергі келтіруге болмайды екен.
8 қараша күні таңертең Төменгі Новгород облысының тергеу басқармасына хабарлама келіп түсті.
«34 жастағы ер адам күдікті ретінде танылып, тұтқындалды. Ол – қайтыс болған баланың әкесі. 5 қараша күні тергеушілер «баланы зорлап өлтірді» деген күдікпен гараждардың бірінен қайтыс болған баланың денесін тапты.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2017 жылдың 3 қарашасында күдікті сағат 16.00-де баласын балабақшадан алып кеткен. Баланы үйіне әкелмеген. Оған айып тағылып, қамауға алынды», – деп жазылған хабарламада.
Кейін құқыққорғау органдарының қызметкері, «Полиция омбудсмені» интернет-паблигінің әкімгері оқиғаның нақты деректерімен бөлісті.
«Әңгіме өз баласын өлтірген біздің әріптесіміз жайлы болып отыр. Мендегі мәліметтер бойынша, ер адам баламен бірге өлгісі келген. Бірақ шыдамай, қашып шыққан. Ал баласын құтқаруға тырыспаған. Кейін ол ата-анасына барады. Олар оны Новгородтан қашырып жіберуге тырысқан. Бірақ үлгермеді, күдікті тұтқындалды. Мен бұл жұптың отбасылық альбомын көрдім. Сырттай қарағанда тым-жақсы отбасы. Жап-жас, бақытты адамдар сияқты. Бірақ ер адамның бұрын сотталғаны туралы енді белгілі болды. Тергеушінің күйеуі қылмысын мойындады.
Бір қызығы, облыстық тергеу басқармасындағы басшылардың бірі өз қызметтік лауазымын пайдаланып, уақытша қамау изоляторына кіріпті. Ол күдіктіден өз жауабын ауыстыруды өтінеді. Қылмыстың себебін – жұмысқа қызғану емес, ер адамдарға қызғандым деп ауыстырып жазуын сұрапты. Әркім өзін құтқаруға әлек. Енді тергеушінің басшылығында да проблема туындауы мүмкін. Олардың өз қызметкерлерін негізсіз, уақытынан тыс жұмыс істеуге итермелегені тексеріледі. Басшылық осы жағын уайымдап, қызметкердің отбасында болған жағдай деп «жауып қоймақшы». Өздері артық жұмыс істеткендерін жасырып қалуға тырысып жатыр. Тергеушілер өте көп жұмыс істейді. Күйеуінен хабарлама келгенде ол бастығынан сұранған. Жаман хабарлама келгендігі туралы да білдірген. Бірақ оны ешкім жібермепті. Қазір оған моральді түрде қысым көрсетіп, өз еркімен жұмыстан шығарғысы келіп жатыр», – деді омбудсмен қызметкері.
Кейін осы әкімгерге тергеушінің әріптестерінен хабарлама келіпті. Олар «Енді сотталған азаматпен байланысты деп оны кінәлі қылатын шығар. Сондықтан оған жұмыстан шығуын өтінген», «Бүгін оны жұмыста көрдік. Өз кезекшілігін атқаруға келді. Онымен психологтар жұмыс жасап жатқан көрінеді. Не істеп отырғанын білмейді, бірақ жұмысынан қалмады» деп жазып жіберіпті.