Батыс Қазақстан облысында әйел адам әлеуметтік желіде танысқан алаяққа сеніп, оған 77 миллион теңге аударған. Тергеу барысында 32 жастағы Түркістан облысының тұрғыны бірнеше адамның 200 миллион теңгеден астам қаражатын иемденгені анықталды.
Күдікті өзін шетелден көтерме бағамен телефон әкелетін кәсіпкер ретінде таныстырып, жәбірленушіні бизнеске инвестиция салуға көндірген. Әйел оның сөзіне сеніп, екі пәтерін сатып, барлық жинаған қаржысын оған аударып жіберген.
«Алаяққа тек өзі ғана емес, туыстары мен таныстары да ақша берген. Күдікті жоғары пайда табуға уәде еткен. Қазір оның алты эпизод бойынша ісі тергеліп жатыр, жалпы шығын 200 миллион теңгеге жуық», — деп хабарлады полиция өкілдері.