“Қорғас” бекетінде таяуда екі жігіт төбелесіп, бірі екіншісін пышақтап өлтірген еді. Видеосы жарияланған осы қанды оқиғаға байланысты жаңа дерек жарияланды.
Күдікке алынған жігіттің анасы “КТК” телеарнасына берген сұхбатында жанжалдың қыз үшін шыққанын айтты.
Адам өлтірген күдікті әлі қамауға алынған жоқ. Өйткені, үш күн бұрын көптің көзінше пышақ сілтеген жігіт ауруханада жатыр екен.
Диас Кәрібжановтың өзі де сол төбелес кезінде жараланған болып шықты. Күдіктіні полицейлер күні-түні палатада күзетіп отыр. Қатаң күзеттегі палатаға дәрігерлерден басқа адамның кіруіне рұқсат жоқ. Қазір аяғынан жараланған күдіктінің жағдайы жақсы. Сондықтан, ол 1-2 күнде ауруханадан шығарылады. Ал кісі қолынан қаза тапқан Қуаныш Төлегеновті кеше туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Қара жамылған отбасы бұған “Қорғас” қызметкерлерін де кінәлады.
“Жараның тереңдігі 6-7 сантиметр, жараның көлемі екі жарым сантиметр”, – деді Панфилов аудандық ауруханасының дәрігері Жомарт Нұраханов.
“Аяғына біреу пышақ салған. Атып тұрып ызадан пышақ салып жіберген. Бірақ не істеп, не қойғанын өзі де білмейді. Басынан ұрған, тепкен оңай емес қой, менің балама да енді”, – дейді Диас Кәрібжановтың анасы Жанар Кәрібжанова.
Анасының айтуынша, күдікті бес уақыт намаз оқып, ораза ұстап жүрген. Ал келесі айда үйленіп, отбасын құруды жоспарлап қойған екен. Өз кезегінде марқұмның қарындасы Айдана Төлегенова адам өлтірген жігітті кешірмейтінін айтты.
“Біз кешірмейміз. Өйткені жүрегімізді қанжылатып кетті. Анам мен әкемді жалғыз бауырымнан айырып кетті”, – деді ол.
Марқұмның туыстары Қуаныштың өліміне Қорғас қызметкерлері де жауапты дейді. Өйткені күдікті қатаң күзетілетін аумаққа суық қаруды емін-еркін алып кірген.
“Шекарашылар қайда жүрген?! Пышақпен өлтіріп жатқанда қайда қарап отырды? Жүрегі жарылып жығылып жатқан бала қалай пышақ салады? Ол оңбаған өзін ақтау үшін аяғына пышақ салған”, – дейді марқұмның туыстары.
Еске сала кетелік, жексенбіде, 4-маусымда Интернетте осы оқиғаның видеосы таралған еді. Қылмыс “Қорғас” шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы (ШЫХО) территориясында болған. Кадрлардан екі ер адамның төбелескенін көруге болады. Біреуінің қолында пышаққа ұқсас зат бар. Бірнеше секундтан кейін олардың бірі ес-түссіз құлайды. Пышақтаған адам кетіп қалады. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.
https://www.youtube.com/watch?v=DF4ukHOJiw0