Еліміздің көшбасшы партиясында бұрын-соңды болмаған жаңа форматтағы ішкі іріктеу – праймеризге қатысушыларды тіркеу басталды. Мақсат – белсенді және бастамашы азаматтарға қолдау көрсету.
Мәселен актер және режисер Сәбит Әбдіхалықов Instagram желісіндегі парақшасында праймеризге қатысушыларды сынға алды.
«Бүгінгі қолы бостың бәрі праймеризге барамын дейді. Ол жақта не бар екен… Алдар көсенің өзін обгонь жасап, өз өтіріктеріне өздері сенетіндер сияқты. Ұсынып жатқан бағдарламалары қолы жетпейтін айға ұмтылғанмен тең. (Айды да бағындыратындар бар. Бірақ, дәл сол кісілер емес екенін мен де, сіз де білеміз.), –
дейді актер. Ол праймеризге қатысушыларды қияли, көпірме әңгімеге бой алдырмауға шақырды.
Әйтеуір креслода оттап отыратын жұмысты жақсы көреміз. Өзінікін істейтін адам праймеризге шығып өз-өзін делелдемей-ақ, өз биігінде отырады ғой. Праймериз шоуына қатысушыларға айтарым, құлаққа сыятын әңгіме айтыңыздар, онсыз да бұл қазақтың құлағы бос қауашақтармен бітеліп қалғаны қашан…
Праймериздің негізгі мақсаты – партияішілік сайлауда өндіріп іс жасайтын (бірақ, адам сенгісіз қияли жоспар ұсынатын емес), ел алдына шығар көшбасшыны таңдау!»
– деп түйіндеді Әбдіхалықов.
Режисердің әлеуметтік желісін бақылайтын оқырмандары түрлі пікір білдірді. Бір бөлігі оған қарсы шығып, праймеризге көптеген адал адамдардың қатысып жатқанын алға тартты.
Басқалары «қатысушылар көрпеге қарай көсіліп, шамасы келетін істерді ғана айту керек», «халық кімге сенерін білмей қалды» деп қолдау білдіруде.