Ресейлік сарапшылар Ақтөбедегі оқиғаға діннің ешқандай қатысы жоқ, тіпті, ол терактіге де жатпайды деп санайды. Ал Төлешов бастаған бір топ жоғары лауазымды тұлғалар мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген ақпаратқа олар сенімсіздікпен қарайды.
Ақтөбедегі төтенше оқиғаға байланысты „Независмая газета„ ресейлік басылымында арнайы мақала жарияланды. Онда ресейлік сарапшылар Қазақстанда теракт деп танылған оқиғаға өз көзқарастарын білдіреді.
Мысалы, ресейлік саясаттанушы Аркадий Дубнов Ақтөбедегі оқиға ДАИШ содырлары әрекетінің ешқайсысына жанаспайтынын баса айтады.
– Бұлар ДАИШ содырлары емес, тіпті, радикалдар да емес. Олар болса, баяғыда терактіні өз мойындарына алар еді. Бұл – қылмыс әлемінің адамдары. Олар ашық түрде шабуылға шықты. Мысалы, олар сатушыны пышақтады, содырлар олай істемейді. Олар алып қашқан жолаушылар автобусындағы адамдарды кепілге алған жоқ. Мұндай мүмкіндікті діни экстермистер жібермес еді, – дейді ол өз болжамының дәлелі ретінде.
Сондай-ақ Аркадий Дубнов
қазақстандық кәсіпкер Төлешов мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген істе бір шикілік бар,
деп санайды.
Меніңше, бұл қоғамда туындаған әлеуметтік наразылықтан, әсіресе,
жер дауына байланысты тақырыптан бұқаралық ақпараттың назарын басқа жаққа аудару секілді,
дейді ол.
– Жалпы, бұл – Ақорда идеологиясының жеңілісі. Қазір Қазақстанда қандай да бір күштеудің керегі жоқ, – дейді Аркадий Дубнов.
Орта Азия және Орталық Шығыс бойынша сарапшы Александр Князев те Ақтөбедегі оқиға мен мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды дегендердің бір-бірімен байланысы жоқ екенін болжайды.
– Бұл арада бірнеше ақпарат қатар жарияланып жатыр, бірақ көбісі қателісіп оны бір-бірімен байланыстырып жатқан секілді. Бұл қоғамның назарын басқа арнаға бұрып, Ақтөбе оқиғасының ресми нұсқасын дұрыстап құрып алу үшін жасалған да болуы мүмкін, – дейді ол.
“Независимая газета” ресейлік басылымы мәселе мәніне тереңірек үңілу үшін қазақстандық сарапшыны да сөзге тартуды ұмытпапты.
Лаңкестік бойынша қазақстандық маман деп таныстырылған отандық саясаттанушы Ерлан Қарин Ақтөбедегі оқиғаға баға беруге әлі ерте дегенімен, оны қылмыстық әрекеттен гөрі, террористік актіге көбірек ұқсайды деп болжаған.
– Өйткені Ақтөбедегі төтенше оқиға 2011 жылы қарашада Таразада болған теракті секілді қару-жарақ дүкеніне шабуылдан басталған, – дейді ол.
Алайда Ерлан Қарин ресейлік басылымға берген пікірінде “Қазақстанды Азат етуші әскер” немесе соған ұқсас қандай да бір қозғалыстың Қазақстанда жоқ екенін қадап айтқан.
– Мен 15 жыл бойына лаңкестік мәселесін зерттеп келемін. Бірақ осы уақыт барысында мұндай қозғалыстың болғанын нақтылаған бір де бір деректі кездестірген емеспін. Бұл – сайтта жарияланған жалған ақпарат. Олардың сілтемесі де негізсіз. Ақтөбеде болған оқиға – аяқ-асты шабуыл жасауды ұйғарған лаңкестердің әрекеті, – дейді ол.