Ақтөбе азаматы өз үйінің дәретханасынан жаңа туған сәбиді тауып алды. Шақалақ ұнның қабына оралып тасталыпты. Бұл туралы diapazon.kz хабарлайды.
Фото: В.Зобенко
“Мен үйге келіп қолыма жарықты алып қарадым. Бір жақтан дыбыс шығады, не екені түсініксіз болды. Бір сәтте шұңқырда қап жатқанын, оның қозғалатынын байқадым”, – дейді Молдағали Орынбасаров.
Ойда-жоқта әжетханадан сәбиді тауып алған Молдағали, көршілерін жинап полиция шақырады.
“Нәрестенің тіпті кіндігі де кесілмепті. Жаялыққа да оралмаған. Біздің тұрғындардың ішінде мұндай қадамға баратындар жоқ. Кім екені белгісіз”, – дейді көршісі Нұржан.
Әжетхананың қасындағы қанға қарағанда, әйел тура сол жерде босанған болуы мүмкін. Енді 6 баласы бар Молдағали бұл қызды да өзі асырап алғысы келіп отыр. Сәби перинаталдық орталыққа орналастарылып, жағдайын дәрігерлер бақылауға алған.
“Сәбидің денсаулығы бірқалыпты,” – дейді бас дәрігердің орынбасары Дастан Неталиев. Қазіргі таңда полиция сәбидің анасын іздестіріп жатыр.