Нұр-Сұлтан
Қазір
19
Ертең
23
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Ақмолада 300-ден аса мұғалім қайта даярланды

Бүгінгі таңда Ақмола облысы бойынша мүмкіндігі шектеулі 5763 азамат есепте тұрса, оның 2172-сі – мүгедек балалар. Облыста осындай ерекше балаларды психологиялық әрі педагогикалық тұрғыдан зерттеп, олардың жалпы білім алуы үшін қажетті форманы анықтап, оларды оңалту жұмыстары үнемі жүргізілуде. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына кеңес беру мақсатында облыс бойынша 4 психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңес беретін орталықтар, 12 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері және балабақшалардағы мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивтік білім беру үшін 2 түзету кабинеті жұмыс істейді.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті білім беруді ұйымдастыруда маман тапшылығы туындайтыны жасырын емес. Соңғы үш жылда инклюзивтік білім беру тәжірибесін енгізу бойынша 326 мұғалім қайта даярланды. Өңірде аталған бағдарлама нәтижелі жүзеге асырылуда», – дейді Ақмола облыстық білім беру басқармасының жетекшісі Балым Ізбасарова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Бибігүл Иманқұлова медицина мамандығы бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамту мәселесіне тоқталды.

«Облыс бойынша мемлекеттік медицина мекемелерінде 1 777 дәрігер және 6075 орта кәсіби медицина қызметкері жұмыс істесе, олардың қатары биыл тағы 63 дәрігер және 277 орта кәсіптік білімі бар медицина мамандарымен толықты»,– деді басқарма жетекшісінің орынбасары.

Отырыс барысында комиссия мүшелері аса сұранысқа ие емес медициналық мамандықтарды атады. Белгілі болғандай, облыста «Стоматология», «Фармация», «Эпидемиология және тазалық» мамандықтарын тәмамдаған студенттерді жұмысқа орналастыруда бірқатар қиындық туындайды екен.

Эксперттік топ мүшелері облыс бойынша білім және денсаулық саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты бірқатар ұсыныс жасады.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз