Қостанай қаласында үш ер адам екі көлікті заңсыз иемденіп, жол апатына ұшырады деген күдікке ілінді. Полицияның мәліметінше, оқиға 17 қазанға қараған түні болған.
Қостанай облысының Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, алдымен Алтынсарин көшесінде «Газель» көлігі апатқа ұшыраған. Осыдан кейін күдіктілер жолда тұрған Audi көлігін де айдап кеткен.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері оқиғаға қатысы бар деген күдікпен облыс орталығының үш тұрғынын анықтады.
«Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтайды», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Құқық қорғау органдары бөтен көлікті иесінің рұқсатынсыз айдап кету заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Оқиғаның өзге мән-жайлары тергеу барысында анықталады.