Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
9
USD
448
-0.59
EUR
514
-1.35
RUB
5.31
-0.02

Төбелестен кейін бір көзінен айырылды: Тараздық жасөспірімнің анасы әділдік іздеп жүр

Оқиға сәуір айының ортасында Тараздағы гимназиялардың бірінде болған. Үзіліс кезінде 10-сыныпта оқитын Дамирді бірнеше 9-сынып оқушысы ерлер киім ауыстыратын бөлмесіне шақырған. Сол жерде жасөспірімді ұрып-соққан. Соққы салдарынан оның көзі ауыр жарақаттанған. Дамирдің айтуынша, ол өзін нақты немен ұрғанын көрмеген.

«Киім ауыстыратын бөлмеге кіргенде бірден ұра бастады. Құлаған кезде көзіме бірдеңе болғанын сездім. Қандай затпен ұрғанын көрмедім», – деді Дамир.

Жасөспірімнің анасының айтуынша, баласының көзі қатты соққыдан жарылып кеткен. Дәрігерлер бірнеше операция барысында көздің зақымданған бөліктерін қалпына келтіруге тырысқан. Алайда жарақаттың салдары қайтымсыз болып, бала өмір бойы мүгедектік болып қалды. Қазір Дамирге тіпті бүйіріне аунауға да болмайды. Отадан кейінгі асқынуларға байланысты ол үнемі бір қалыпта жатуға мәжбүр.

«Сәуір айынан бері жағдайымыз осындай. Бір рет қана басын жоғары қаратып жатты. Ол да екі аптадай болды. Қазір қайтадан осылай жатырмыз. Себебі әр жолы торлы қабыққа қысым түседі», – дейді анасы Зухра Каримова.

Зухра Каримованың сөзінше, бастапқыда іс бойынша бірнеше оқушының қатысы қаралғанымен, сотқа олардың біреуі ғана тартылған.

«Бірнеше рет жаздым. Жоғары тұрған органдардың назар аударғанын қалаймын. Неге мұндай жағдай болып жатыр? Прокуратура мен сот арасында іс қаралып жатқанда, бір адам куәгер болып шыққан. Егер заң бойынша қарасақ, екеуі де топ болып жасалған әрекет бойынша жауап беруі керек», – деді Дамирдің анасы.

Іс бойынша сот отырысы кәмелетке толмаған бала қатысатындықтан жабық режимде өтіп жатыр. Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі қазір іс Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқанын хабарлады.

Ал Дамир кезекті операциясына дайындалып жатыр. Дәрігерлер жасөспірімнен асқыну белгілерін анықтаған. Отбасы бұл жағдайдың екінші көзіне де әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз