Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтан түсіп жатқан өтініштердің негізінде мәлімдеме жасады. Ресми органның мәліметіне сүйенсек, қандастарды алдап, құжат рәсімдеп беруге көмектесемін деген алаяқтар көбейген.
«Көші-қон комитетіне келіп түскен ақпараттарға сүйенсек, көшіп келіп жатқан адамдардан ақша сұрап, құжат рәсімдеу процессін тездетіп беремін, қазақ тілінен тестілеуден өтуге көмектесемін деген алаяқтар көбейген. Ресми түрде ескертеміз: мұндай уәделерге сенбеңіздер. Бұл бағыттағы мемлекеттік қызметтер белгіленген тәртіппен ғана жүреді. Тестілеу нәтижелерін немесе құжаттарды қарау нәтижесін қандай да бір ақы үшін өзгертуге болмайды», – деп ескертеді Көші-қон комитеті этникалық миграция басқарма басшысы Нұрбол Байсынов.