ТМД байқаушылар миссиясы Қазақстанда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауына қорытынды бағасын берді. Байқау нәтижесі бойынша ТМД миссиясы дауыс беру нәтижесіне әсер етуі ықтимал заң бұзушылықтарды анықталмағаны белгілі болды. Халықаралық байқаушылар сайлауды әділ, бәсекеге толы әрі ашық өтті деп бағалады.
Дауыс беру күні Миссия өкілдері Қазақстанның 14 өңіріндегі 900-ден астам сайлау учаскесінде болған. Миссия басшысы, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенконың айтуынша, дауыс беру ұйымдасқан түрде, тыныш әрі қолайлы жағдайда өтті, ал дауыстарды санау рәсімі сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілді.
«Сайлау нәтижелеріне әсер етуі мүмкін заң бұзушылықтар анықталған жоқ», – деді Игорь Петришенко.
Оның айтуынша, сайлауды әзірлеу және өткізу кезеңінде сайлау заңнамасының ықтимал бұзушылықтарына жедел ден қою және қабылданып жатқан шаралар туралы азаматтарды хабардар ету үшін қажетті жағдайлар жасалған. Бақылаушылара келіп түскен шағымдар мен өтініштердің заңда белгіленген тәртіппен қаралғанын да айтты.
ТМД миссиясы сайлау науқанын байқауға 3 тамызда кірісті. Осы уақыт аралығында оның өкілдері сайлау комиссияларының мүшелерімен және сайлаушылармен кездесіп, дауыс беруге дайындық барысын, дауыс беру процесін және одан кейінгі дауыстарды санау рәсімін бақылап отырды.
Жалпы байқау жұмысының қорытындысы бойынша Миссия сайлауға түпкілікті бағасын берді.
«ТМД байқаушылар миссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, елдің сайлау заңнамасына толық сәйкес өткізілді. Әділ, бәсекеге толы әрі ашық сипатта болды және Қазақстан Республикасы азаматтарының өз еркін ашық түрде білдіру құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік берді деген қорытындыға келді», – деді Игорь Петришенко.
Осы уақытта Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады.
ОСК-ның алдын ала деректеріне сәйкес, «Әділет» партиясы 71,17% дауыс жинады. «Ауыл» партиясына сайлаушылардың 6,26%-ы, Respublica партиясына – 5,56%-ы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына – 5,21%-ы, ЖСДП-ға – 5,11%-ы дауыс берген. ҚХП 3,11%, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 1,07% дауыс жинады. Дауыс беруге қатысқандардың 2,51%-ы «Бәріне қарсымын» нұсқасын таңдады.
Сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша Құрылтайда бес саяси күш – «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП өкілдік ету құқығына ие болды.