Алматы халықаралық әуежайында 56-шы Халықаралық физика олимпиадасының (IPhO-2026) жеңімпаздарын салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Оған Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, оқушыларды тарихи жетістіктерімен құттықтады. Министр ұлттық құраманы жоғары деңгейде дайындауға және тарихи нәтижеге қол жеткізуге үлес қосқан педагогтер мен тәлімгерлерге алғыс білдірді.
Салтанатты кездесу ерекше жылы әрі мерекелік көңіл күйде өтті. Жеңімпаздарды гүл шоқтарымен, ыстық ықыласпен және Қазақстанның әлемдік зияткерлік аренадағы абыройын асқақтатқан жетістіктері үшін шынайы алғыс сөздерімен қарсы алды.
Халықаралық физика олимпиадасы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Беделді білім бәйгесіне әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет бес алтын медаль жеңіп алды.