Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы, Қаржы министрліктерінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Атамекен» ҰКП, «Бәйтерек» ҰКП басшылығы және т.б. қатысты.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин саланың әлеуметтік маңыздылығын атап өтіп, жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істейтіндердің 60%-ын әйелдер құрайтынын жеткізді.
Сонымен қатар дайын өнімдер шығару және қайта өңдеу үлесін ұлғайту шаралары талқыланды. Өндірістерді жаңғырту, қайта өңдеу қуатын кеңейту, локализациялау деңгейін арттыру, кадрлар даярлау және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін нығайту қажеттілігіне баса назар аударылды.
Қазақстандық өндірушілерді қолдау мәселесі өз алдына бөлек қарастырылды. Атаулы қолдау шараларын ұсыну мақсатында Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілердің тізілімі жұмыс істейді.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев қауіпсіздік нормаларына сәйкестігін бақылау үшін арнайы мақсаттағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерін сертификаттау бойынша ұсыныстарын айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық әлеуетті нығайту міндетін қойды. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Үкімет өңдеу секторын дамыту жұмыстарын күшейте түсті. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша өңдеу саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік маңызы зор. Біз отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын кеңейтуіміз қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр қазақстандық өндірушілерге өткізу нарықтарына шығуға кепілдік бере отырып, өндірісті ұлғайту үшін қосымша ынталандыратын модель қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.







