Қазақстан сиыр еті бағасы қолжетімді елдердің қатарында. Бұл туралы 365info.kz сайты Numbeo сайтындағы рейтингке сілтеме жасап хабарлайды.
5 мамырда жаңартылған рейтингке 101 ел қатысқан. Қазақстан сиыр етінің бір килограмы 8,72 доллар, шамамен 4 050 теңгемен 82-орында тұр.
Сонымен қатар Қазақстандағы ет бағасы Кеңес Одағының құрамыдағы көптеген басқа елдермен салыстырғанда арзан болып шықты. Мысалы, Ресейде – 10,93 доллар, Өзбекстанда – 10,86 доллар, Беларусь елінде – 9,25 доллар.
Рейтингтегі алғашқы 15 елде сиыр еті 20 доллардан астам бағаға сатылады. Олардың қатарында Еуропаның бірқатар мемлекеттері (Германия, Швеция, Франция, Финляндия, Австрия, Италия, Бельгия және т.б.), сондай-ақ Израиль, Оңтүстік Корея және Сингапур бар.
Ал ең арзан сиыр еті Пәкістанда (4,68 доллар), Нигерияда (4,73 доллар) және Кенияда (5,23 доллар) сатылады.