Ақтөбеде бірнеше күн бұрын мектеп маңынан торкөз сөмкеге салынған мәйіттің табылуына қатысты шулы іс бойынша күдікті ұсталды. Бұл жайт жергілікті тұрғындардың үрейін ұшырған еді. Қоқыс контейнерлерінің жанында тұрған ауыр сөмкеден жағымсыз иіс шыққанын байқаған адамдар оның ішінде не барын білмеген.
Полиция қызметкерлері күдіктіні бірнеше күн бойы іздеді. Нәтижесінде ол анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс ішімдікті бірге ішу кезінде болған. Екі ер адамның арасында жанжал туындап, соның салдарынан күдікті жәбірленушіге бірнеше рет пышақ сұққан. Осыдан кейін ол қылмыс ізін жасыруға тырысқан. Тергеу жалғасып жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.