«ҚазАгроҚаржы» АҚ «Агролизинг» бағдарламасы аясында қазақстандық шаруаларға арналған мобильді астық кептіргіштерді сатып алуды қаржыландыратынын мәлімдеді.
Бағдарлама шеңберінде орнату және пайдалану кезінде күрделі құрылыс-монтаж жұмыстарын талап етпейтін астық кептіргіштер қаржыландырылады. Бұл шаруаларға техниканы қосымша құрылыс жұмыстарынсыз пайдаланып, оны қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді.
Астық кептіру қуаттарын жаңарту бағытында шаруаларды қолдау даму институттарының бірыңғай экожүйесі аясында жүзеге асырылады.
«Агролизинг» бағдарламасы аграрлық секторды қолдаудың негізгі құралдарының бірі есептеледі. Бағдарлама шаруаларға елеулі бастапқы шығындарсыз заманауи техника мен жабдыққа қол жеткізуге мүмкіндік беріп, қаржылық жүктемені ұзақ мерзімге бөлуге жағдай жасайды.
Бағдарлама шарттарына сәйкес лизинг аванстық төлеммен беріледі, оның мөлшері лизинг нысаны құнының 15%-ынан басталады, ал төлем мерзімі 7 жылға дейін белгіленген. Ұсынылып отырған лизинг шарттары шаруалардың нақты қажеттіліктеріне бағытталып, агроөнеркәсіптік кешенді кезең-кезеңімен жаңғыртуға арналған.
Мобильді астық кептіргіштерді лизингке алу жөніндегі өтінімдер «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның өңірлік филиалдарында қабылданады.