Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-6
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Әбутәліп Мүтәлі: Жасырын бақылау құрылғылары азаматтардың жеке өміріне қауіп төндіреді

Қазіргі таңда банктік карта мен интернетке қолжетімділігі бар кез келген адам жасырын ақпарат жинауға арналған техникалық құралды оңай сатып ала алады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 399-бабында мұндай құрылғыларды өндіруге, сатып алуға, сатуға және пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан, олардың жаппай айналымы кешенді құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.

Құқық қорғау органдары жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында дауыс жазғышы бар қаламдар, тұрмыстық заттарға жасырылған бейнекамералар, көзілдірік пен флешка түріндегі құрылғылардың сатылуы анықталған. Алматы, Теміртау және өзге де өңірлерде мини-камералар мен GSM жүйелері тәркіленіп, кейбір сатушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алайда бұл шаралар жүйелі сипатқа ие емес, нарық өз қызметін еш кедергісіз жалғастыруда.

Депутатты ерекше алаңдататын мәселе – сыртқы пішіні бойынша заңды әрі кең таралған, тіпті сәнге айналған жаңа буын құрылғылардың ақпаратты жасырын тіркеу мүмкіндігіне ие болуы.

«Бұл құрылғылардың қауіпін тек сыртқы белгісіне қарап бағалау қате болып табылады. Шешуші рөл құрылғының пішіні емес, бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен қолданылу тәсілімен анықталады», – деді Мүтәлі.

Сонымен қатар депутат жаңа буындағы автомобильдерге, әсіресе сұранысы жоғары Қытай автокөліктеріне назар аударды. Оның айтуынша, бұл көліктер шетелдік серверлер мен пайдаланушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді. Нәтижесінде Қазақстан азаматтарының қозғалыс маршруттары мен пайдаланушылық деректері шетелдік юрисдикцияларда өңделуі мүмкін.

«Қарапайым тілмен айтқанда, шетелдік компаниялар біздің азаматтарымыздың барлық қозғалыстары мен басқа да әрекеттерін бақылап, талдай алады. Мұндай автомобильдердің функцияларының қашықтан шектелуі немесе ажыратылуы фактілері бар», – деді халық қалаулысы.

Халықаралық тәжірибеде мұндай электроника «қатаң бақылауға алынған» санатқа жатады. Оларға міндетті сертификаттау мен лицензиялау талаптары қойылып, азаматтық мақсаттағы құрылғылар мен арнайы техниканың ара-жігі нақты ажыратылады. Бұл тәсіл азаматтардың жеке өміріне жасырын қол сұғылудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Әбутәліп Мүтәлі Үкіметтен азаматтардың жеке өмірі мен жеке және отбасылық құпияға конституциялық құқығын қорғауды күшейтуді, жасырын бақылауға арналған құрылғыларды міндетті түрде сертификаттау және лицензиялау тетіктерін енгізуді, сондай-ақ бірнеше мемлекеттік органның қатысуымен олардың айналымын бақылаудың жүйелі механизмін әзірлеуді сұрады.

Сонымен бірге депутат елімізде сатылатын жаңа буындағы автомобильдер бойынша пайдаланушы аккаунттары мен деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан Республикасының аумағында орналастыру және олардың ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Осы құрылғылардың айналымын реттеу үшін кешенді құқықтық және бақылау тетігін әзірлеп, шұғыл түрде шара қабылдауды сұраймын», – деді депутат сауал соңында.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз