Нұр-Сұлтан
Қазір
-18
Ертең
-19
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Темір Қырықбаев: Экспортқа шектеу – фермерлерді тығырыққа тірейтін шешім

Қазақстан Картоп және көкөніс өсірушілер одағының дерегінше, қазіргі таңда қоймалар толы, сәбіз бен картоп тапшылығы жоқ. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өнім тапшылығы жөніндегі мәліметтердің объективтілігіне күмән туындайды. Бұл депутаттың пікірінше, мемлекет пен өндірушілер арасында жүйелі диалогтың жоқ екенін көрсетеді.

Мәселен, тек Павлодар облысының өзінде фермерлердің қолында 120 мың тоннадан астам сәбіз қоры бар. Қазіргі жағдайда оны келісі 80 теңгеден сатудың өзі қиын, себебі сұраныс төмен. Ал сәбіз – ұзақ сақталмайтын өнім. Сондықтан экспортқа уақытша шектеу қолда бар өнімді өткізу мүмкіндігін одан әрі азайтады.

Темір Қырықбаев ойластырылмаған әкімшілік шешімдер отандық фермерлердің шетелдік нарықтардағы орнын әлсіретіп, жылдар бойы қалыптасқан логистикалық және серіктестік байланыстардың үзілуіне әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

«Бұған дейін де картоп, ет және пияз экспортына осындай шектеулер енгізілгенімен, олардан нақты қорытынды жасалған жоқ. Қысқамерзімді әкімшілік тәсілдер әлі де басым болып отыр», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, мұндай саясат ұзақ мерзімде фермерлердің өндірісті дамытуға деген ынтасын төмендетіп, елдің шетелдік өнімге тәуелді болу қаупін арттырады.

Осыған байланысты Темір Қырықбаев Үкіметке бірқатар нақты сұрақ қойды. Атап айтқанда, экспортқа шектеу енгізу туралы ұсыныстың қандай экономикалық және статистикалық есептеулерге негізделгені, бағаны тұрақтандыру үшін балама жүйелі тетіктердің қарастырылған-қарастырылмағаны және ішкі нарықты кепілдендірілген көлемде өніммен қамтамасыз етіп, артық өнімді экспорттауға мүмкіндік беретін нақты модельдің бар-жоғы жөнінде жауап беруді талап етті.

«Мемлекетке бір реттік шектеулер емес, тұрақты әрі болжамды ережелер қажет», – деп сөзін түйіндеді депутат.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз